Ғалымдар қазіргі Қазақстан аумағында шамамен 1700–1800 жыл бұрын өмір сүрген әйелдер қолданған хош иісті косметиканың іздерін анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Зерттеушілер Шығыс Арал маңындағы Томпақасар және Алтын-Асар қорымдарынан табылған екі бор затты зерттеген. Олар біздің заманымыздың II–IV ғасырларына жататын әйелдердің қабірінен табылған. Жерленген әйелдердің жасы шамамен 30–39 аралығында болған.
Қазба кезінде табылған заттар кейін Шығыс музейінде сақталған. Мәскеу мемлекеттік университеті, Шэньчжэньдегі MSU-BIT University, Ресей Ғылым академиясының Археология институты және музей ғалымдары оларға химиялық әрі микроскопиялық талдау жүргізген.
Зерттеу нәтижесінде заттардың негізгі құрамы табиғи бордан, яғни кальций карбонатынан тұратыны анықталды. Микроскопиялық зерттеу материалдың ұнтақталған інжу-маржаннан жасалған болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарған.
Косметика құрамынан 300-ден астам зат анықталды
Зерттеушілер үшін органикалық қосылыстарды талдау нәтижесі ерекше қызығушылық тудырған. Үлгілерден 300-ден астам зат табылған. Алайда олардың кейбірі кейінгі ластану салдарынан пайда болуы мүмкін.
Ғалымдар косметиканың бастапқы құрамына эфир майларына тән терпендер мен басқа да қосылыстар кіргенін анықтаған. Олардың үйлесімі жусан, даршын, жалбыз немесе соған жақын өсімдіктер пайдаланылған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеушілердің болжамынша, бор косметикалық құралдың минералды негізі болған, ал өсімдік компоненттері оған хош иіс және қосымша қасиеттер берген болуы мүмкін.
Дегенмен косметиканың нақты қалай қолданылғаны әзірге белгісіз. Дайын өнімнің қандай иісі болғанын да анықтау мүмкін болмаған.
Ұлы Жібек жолымен байланыс болуы мүмкін
Ғалымдардың назарын әсіресе даршынға тән қосылыстар аударған. Егер бұл болжам расталса, хош иісті майлар Шығыс Арал маңына оңтүстіктегі аймақтардан, соның ішінде Үндістаннан немесе кассия өсетін Азия өңірлерінен жеткізілуі мүмкін.
Бұл жаңалық Ұлы Жібек жолымен байланысты алыс сауда байланыстары аймақ тұрғындарының тұрмысына ғана емес, күнделікті әдеттеріне де ықпал еткен болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 17 қазанда npj Heritage Science ғылыми журналында жарияланды.