Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Үш күндік сапар – ұмытылмас естелік”: «Отандастар қоры» қиырдағы қандастардың басын қосты

“Үш күндік сапар – ұмытылмас естелік”: «Отандастар қоры» қиырдағы қандастардың басын қосты

«Отандастар қоры» КаЕҚ әлемнің 12 елінен келген 20-ға жуық қандас пен отандастың басын қосып, «Киелі Қазақстан» жобасын ұйымдастырды. 13-16 қараша аралығында өткізілген оба аясында шетелдегі қазақтар еліміздің тарихи шаһарлары – Шымкент пен Түркістанға саяхаттап, өңірлердің тарихымен, мәдениетімен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Бағдарлама барысында «Отандастар медиа сыйлығы» байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай ұйымдастырылған медиа байқау шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің еңбегін бағалауға бағытталды. Байқау бірнеше аталым бойынша өтіп, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Моңғолиядан келген «Ең үздік журналист» аталымының иегері Жұлдыз Жұмағұл және Өзбекстандағы «Нұрлы жол» газетінің тілшісі Бекболат Мұхтаров бар.

Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар “Қандас-кофе” барысында пікір алмасып, таныстықтарын жалғастырды. Одан әрі Шымкент қаласына саяхат басталды. Сапардың алғашқы күні қандастар Сайрам ауданында болып, өңірдің тарихи-мәдени орындарымен танысты. Келесі күні Түркістан қаласында болып, қасиетті мекеннің тарихи мұрасын және соңғы жылдардағы жаңаруын өз көздерімен көрді.

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Ырысқали Рақымұлы Дәуренбектің айтуынша, жобаға ұзақ уақыт дайындық жүргізілген. Нәтижесінде қатысушылар Қазақстанды жаңа қырынан танып, сапардан ерекше әсер алған.

«Біз Қазақстанды әртүрлі жағынан көрсетуге тырыстық. Өйткені Қазақстанның өзі де алуан түрлі, бай өлке. Шымкент өңіріне жасаған саяхатымыз ерекше әсер қалдырды. Әсіресе Сайрам ауданына барған кезде өзім де таңғалдым. Ал бүгін Түркістанға барған кезде мүлде басқа әсер алдық. Себебі Түркістан соңғы бес-он жылдың ішінде қатты өзгеріп, жаңарыпты. Ең бастысы, біз Қазақстанның рухани байлығын көрсете алдық», – деді Ырысқали Дәуренбек.

Қор президенті алдағы уақытта да осындай жобаларды ұйымдастыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, сапар барысында алған әсерлері мен ақпараттарын қандастар өздері тұратын елдерде бөлісіп, Қазақстанға келуге ниетті азаматтарға жеткізсе деген тілек бар.

Қандастарды толғандырған мәселелер

Сапар аясында өткен дөңгелек үстелде шетелдегі қазақ жастарының көкейінде жүрген мәселелер талқыланды. Түрікменстаннан келген Сіләп Мұратбаев басқосуда жастардың ұсыныстары мен ойларын ашық айтуға мүмкіндік туғанын жеткізді.

«Біз сыртта жүрсек те, жүрегі Қазақстан деп соғатын, елдің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келетін жас буынбыз. Ойымызды ашық айтуға мүмкіндік беріп, бізді туған бауырындай қарсы алған «Отандастар қорына»  шексіз алғысымды білдіремін», – деді ол.

Нидерландтан келген Аққу Асанова қазақ балаларының ана тілін меңгеруі мен ұлттық болмысын сақтау мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, Нидерланд мектептерінде білім алатын балалардың қазақ тілін үйренуі шетелдегі отбасылар үшін өзекті.

«Дөңгелек үстел барысында «Отандастар» қорының осы бағытта жұмыс істеп жүргенін, онлайн сабақтары бар екенін білдім. Енді бұл туралы толығырақ ақпарат алып, оны өз ортамызда таратуға ниеттімін», – дейді Аққу Асанова.

Ол Еуропадағы қазақтарды Қазақстанмен байланыстыратын негізгі тетіктердің бірі мәдениет екенін де атап өтті. Шетелдегі қазақтар ұлттық мәдени фестивальдердің көбірек ұйымдастырылғанын қалайды. Сонымен қатар Еуропадағы қазақ жастарына Қазақстанның дамуына нақты үлес қоса алатын әлеуетті мамандар ретінде қарау қажеттігін айтты. Ол үшін елге оралу, баспана алу және кәсіби тұрғыдан қалыптасу мәселелеріне қолдау көрсету маңызды.

Түркиядағы «Қазаккент Алтай» қауымдастығының өкілі Хүсейін Ертуғрул сапар барысында көрсетілген қонақжайлық пен құрметке ризашылығын білдірді.

«Түркістанда бізді өз туған-туыстарыңыздай қарсы алып, барынша жылы қабақ таныттыңыздар. Қонақ ретінде емес, өздеріңізге жақын жандардай сезіндірдіңіздер. Осындай шынайы ықылас пен бауырмалдықтарыңыз біз үшін өте қымбат», – деді ол.

Моңғолиядан келген «Ең үздік журналист» марапатының иегері Жұлдыз Жұмағұл да жоба аясында көптеген жақсы адаммен танысып, жаңа байланыстар орнатқанын жеткізді.

«Қай елде жүрсек те, қазақ деген бір атаның баласы екенімізді сезіндіріп, бірлігімізді бекемдеген осындай жобаның орны ерекше. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, шетелдегі қазақтар мен тарихи Отанының арасындағы алтын көпір нығая берсін», – дейді ол.

Германиядан келген Моник Лейла үшін де бұл сапар жаңа таныстықтар мен болашақтағы бірлескен жобаларға жол ашты. Берлинде мультимедиалық өнер көрмелерін ұйымдастырумен айналысатын ол технология саласындағы түркі халықтарының өкілдерін бір ортаға біріктіруге ниетті екенін айтты.

«Болашақта бірлескен жобаларға әрдайым ашықпын. Әсіресе қазақ азаматтарын өз бастамаларыма көбірек тартуға және бірге жаңа мүмкіндіктер жасауға мүдделімін», – деді Моник Лейла.

Сапар аяқталды, байланыс жалғасады

Шымкент пен Түркістан қалаларындағы үш күндік бағдарлама қатысушылардың алғысымен аяқталды. Қандастар сапарды ұйымдастырған «Отандастар қорының» ұжымына, екі қаланың басшылығы мен тұрғындарына ризашылықтарын білдірді.

Жобаға қатысушылардың бірі Моник Лейла бұл кездесуді қоштасу емес, жаңа таныстықтар мен болашақтағы ортақ істердің бастауы деп бағалады. Ал Нидерландтан келген Аққу Асанова да арадағы байланысты үзбей, алдағы уақытта қайта жүздесуге ниетті екенін жеткізді.
Осылайша, «Киелі Қазақстан» жобасы аясындағы сапар мәресіне жетті. Әртүрлі елден келген қандастар үшін бұл күндер тарихи Отанмен жүздесу, жаңа адамдармен танысу және ортақ мәселелерді талқылау мүмкіндігі болды.

Бекболат МҰХТАРОВ