Мұнай өндіру, экспорт, көмір және жел энергетикасы. Қазақстанның өңірдегі басымдығы қандай көрсеткіштерден байқалды? Eni есебіндегі деректер назар аудартады.
Қазақстан мұнай өндіру, мұнай экспорты, көмір өндірісі және жел энергетикасының орнатылған қуаты бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр. Бұл туралы италиялық Eni энергетикалық компаниясы жариялаған World Energy Review 2026 халықаралық шолуында айтылған.
Зерттеу негізінен 2025 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенеді. Есепке сәйкес, Қазақстан өңірдегі мұнай қоры мен өндірісі бойынша жетекші позициясын сақтап қана қоймай, дәстүрлі энергетикамен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамытуда да алға шығып келеді.
Қазақстан Орталық Азиядағы мұнайдың 88 пайызын өндіреді
Eni мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі тәулігіне 2,098 миллион баррельге жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары.
Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылы Түрікменстанда тәулігіне 200 мың баррель, Өзбекстанда 81 мың баррель, Қырғызстанда 6 мың баррель мұнай өндірілген.
Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы бес мемлекеттің жиынтық мұнай өндірісінің шамамен 88 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Соңғы он жылдағы көрсеткіш те тұрақты өсімді аңғартады. 2015 жылы елімізде тәулігіне 1,694 миллион баррель мұнай өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,098 миллион баррельге дейін өскен. Яғни он жыл ішінде өндіріс көлемі шамамен 24 пайызға артқан.
Қазақстанның халықаралық энергетикалық нарықтағы рөлі мұнай экспорты арқылы да айқын көрінеді. 2025 жылы отандық шикі мұнай экспорты тәулігіне 1,243 миллион баррельді құрап, бір жылда шамамен 7 пайызға өскен.
Бұл көрсеткіш еліміздің әлемдік нарықтағы маңызды мұнай жеткізушілерінің бірі ретіндегі орнын нығайтып отырғанын көрсетеді.
Газ өндірісі бойынша өңірдегі үштікке кіреді
Қазақстанның энергетикалық әлеуеті мұнай саласымен ғана шектелмейді. Еліміз табиғи газ өндіру бойынша да Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді.
World Energy Review 2026 деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 28,21 миллиард текше метр табиғи газ өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша Түрікменстан 72,48 миллиард текше метрмен, Өзбекстан 40,16 миллиард текше метрмен алда тұр.
Осылайша, Қазақстан өңірдегі газ өндіруші үш ірі мемлекеттің бірі саналады.
Жел энергетикасында да бірінші орында
Есептің назар аударарлық тұстарының бірі – Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласындағы көрсеткіштері.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жел электр станцияларының орнатылған қуаты 1 909 мегаваттқа жеткен. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш 1 652 мегаватты құраған.
Eni салыстырмалы статистика ұсынған екі мемлекеттің көрсеткішін негізге алғанда, Қазақстанға жел энергетикасының жиынтық орнатылған қуатының шамамен 54 пайызы тиесілі.
Бұдан бөлек, 2025 жылы қазақстандық жел электр станциялары 5 401 гигаватт-сағат электр энергиясын өндірген. Бұл жел энергетикасының елдің электр энергетикасы жүйесіндегі маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, есепте Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша жел энергетикасының орнатылған қуатына қатысты салыстыруға болатын деректер келтірілмеген.
Көмір өндірісі бойынша да өңір көшбасшысы
Қазақстан көмір өнеркәсібінде де Орталық Азиядағы жетекші позициясын сақтап отыр.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы елімізде шамамен 120 миллион тонна көмір өндірілген. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан өңірдегі мемлекеттерден едәуір алда.
Сонымен қатар ел әлемдегі көмір өндіруші он ірі мемлекеттің қатарына кіреді.
Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және өңірлік энергетика нарығындағы орнын нығайтуда көмір өнеркәсібінің әлі де маңызды рөл атқаратынын аңғартады.
Қазақстан экономикасы – Орталық Азиядағы ең ірі экономикалардың бірі
Eni шолуында Қазақстанның энергетикалық көшбасшылығы ел экономикасының жалпы ауқымымен де байланыстырылған.
Зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 2015 жылғы тұрақты бағамен шамамен 260,3 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл Орталық Азиядағы бес мемлекеттің жиынтық көрсеткішінің жартысынан астамына тең. Өңір елдерінің жалпы нақты ЖІӨ көлемі 506,7 миллиард доллар деп бағаланған.
Жалпы алғанда, World Energy Review 2026 есебі Қазақстанның Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті жоғары мемлекет екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Ел мұнай өндіру мен экспортта, көмір өнеркәсібінде және жел энергетикасының орнатылған қуаты бойынша өңірде көш бастап тұр.
Дәстүрлі энергетикадағы қалыптасқан ресурс базасы мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы өсім Қазақстанның аймақтық және халықаралық энергетикалық нарықтағы маңызын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.