Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Халықтық құрылыс»: Ұлытау облысы құрылыс қарқыны бойынша Қазақстан өңірлері арасында көш бастады

«Халықтық құрылыс»: Ұлытау облысы құрылыс қарқыны бойынша Қазақстан өңірлері арасында көш бастады
Фото: Vecteezy

Ұлытау облысы 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында құрылыс жұмысының өсу қарқыны бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, өңірдегі құрылыс жұмысының нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 227,3%-ды құрады. Бұл салыстырмалы бағамен есептегенде құрылыс жұмысының көлемі екі еседен астам артқанын білдіреді. Ал республика бойынша орташа өсім 13,1% болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы жариялаған Қазақстанның инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында құрылыс саласындағы жоғары көрсеткіштердің маңызы арта түсуде.

2026 жылдың он айында Ұлытау облысында орындалған құрылыс жұмысының көлемі 289,5 млрд теңгеге жетті. Өсу қарқыны бойынша өңір басқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан айтарлықтай озып кетті.

Көшбасшылар қатарына Қызылорда облысы – 130,5%, Атырау облысы – 125,7%, Павлодар облысы – 123,8% және Алматы қаласы – 123,1% көрсеткішпен енді. Бұл ретте Ұлытау облысының көрсеткіші ең жақын бәсекелес өңірдің нәтижесінен 96,8% тармаққа жоғары болды.

Жалпы, Қазақстан бойынша қаңтар-қазан айларында 9 трлн теңгеге құрылыс жұмысы орындалды.

Ұлытау облысындағы оң динамика қазан айында да сақталды. Бір айда орындалған құрылыс жұмысының көлемі 24 млрд теңгені құрап, өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда 29,5%-ға өсті. Республика бойынша осы кезеңдегі орташа өсім 24,2% болды.

Өндірістік және өзге де құрылыс жобаларымен қатар, облыста әлеуметтік және қалалық инфрақұрылымды дамыту жұмысы да қарқын алды. Жезқазған, Сәтбаев қалаларында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет және білім беру нысандарын жаңғырту жаңа демалыс және спорт орындарын салу жобалары жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаны қаржыландыруда. Олардың қатарында Кеңгір су қоймасының жағалауын жаңғырту, «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу, Ұлытау университетінің инфрақұрылымын дамыту және Сәтбаев қаласындағы Кенші даңқы алаңын жөндеу бар.

2027 жылы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа нысандарын, соның ішінде көпфункционалды Конгресс-орталық, футбол стадионы мен теннис орталығын салу жұмысы басталмақ.

Осылайша, Ұлытау облысындағы құрылыс қарқынының артуы қалалық ортаны жаңартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырумен қатар жүріп келеді.