Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Петропавлда үш қолды ата-ана бейнеленген баннер жұртты күлдірді

Петропавлда үш қолды ата-ана бейнеленген баннер жұртты күлдірді
ашық дереккөз

Петропавлда отбасы бейнеленген ерекше баннер әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары суреттегі әке мен ананың қолын санай алмай әлек болды. Ал қала әкімдігі мұны дизайнердің көркемдік идеясы деп түсіндіргенімен, баннерді ауыстыру туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды ult.kz.

Баннердің суретін Telegram желісіндегі Kozachkov offside арнасы жариялады. Петропавл тұрғыны жазылушыларға суреттегі әке мен ананың қолын санап көруді ұсынған.

Осыдан кейін желі қолданушылары дизайнердің жұмысын қызу талқылай бастаған. Бірі мұны суретшінің қателігі деп болжаса, енді бірі ерекше бейненің мәнін түсіндіруге тырысқан.

Петропавл әкімдігінің мәліметінше, баннер биыл қыркүйекте ашылған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының жанына орнатылған. Орталық қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек көрсетеді.

Әкімдік өкілдері суреттегі қолдардың көп болуы дизайнердің қателігі емес екенін айтқан.

«Дизайнер осылайша отбасының қорғанышы мен көп міндетті қатар атқара алатынын көрсеткісі келген», – деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Дегенмен қоғамдағы екіұшты пікірлерден кейін билік баннерді алып тастап, орнына жаңасын орнатуға шешім қабылдаған.