Қазақстан зейнетақы жүйесінің даму деңгейі бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді. Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық рейтингінде еліміз 55 ел мен аумақтың арасында 29-орынға тұрақтап, 100 балдың 64,8-ін жинады. Осылайша Қазақстан АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореядан озып шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Рейтингті құрастыру барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын және зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалаған.

Қазақстан ең жоғары нәтижені зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы бойынша көрсетті. Бұл бағытта еліміз 100 балдың 74,4-ін жинап, әлемде 8-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді перспективада азаматтарға зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету қабілетін сипаттайды.
Сонымен қатар Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша 83 балл жинап, 19-орынға орналасты.
Сарапшылардың қорытындысында Қазақстанның зейнетақы жүйесі әртүрлі табыс деңгейіндегі азаматтар үшін салықтар шегерілгеннен кейін жоғалған еңбек табысының орнын жеткілікті деңгейде толтыратыны атап өтілген. Бұған қоса, жүйе қызметкерлерді кәсіптік зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтуымен ерекшеленеді.
Сондай-ақ зейнетақы жүйесін реттеу мен басқарудың тиімділігі, оған қатысушылардың құқықтарын қорғау деңгейі және азаматтарды ақпараттандыру жұмыстары жоғары бағаланған.
Айта кетейік, Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемнің 55 еліндегі зейнетақы жүйелерін төлемдердің жеткіліктілігі, қаржылық тұрақтылығы және басқару сапасы бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.