Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ақтөбеде студенттің оқу ақысына жинаған 10 млн теңгесін алаяқтар иемденді

Ақтөбеде студенттің оқу ақысына жинаған 10 млн теңгесін алаяқтар иемденді
ашық дереккөз

Ақтөбеде екінші курс студенті интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, оқу ақысын төлеуге деп жинаған 10 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылды. Қаскөйлер оған байланыс операторы мен банк қызметкері болып хабарласқан, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға алдымен белгісіз адамның телефон соғуынан басталған. Ол өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, SIM-картаның қызмет ету мерзімін ұзарту қажет екенін айтқан. Осы сылтаумен студенттің сеніміне кірген.

Арада біраз уақыт өткен соң қызға өзін банк қызметкері деп таныстырған тағы бір адам қоңырау шалған. Ол белгісіз біреулер студенттің атына несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтып, ақшасын сақтап қалу үшін депозиттегі қаражатын «қауіпсіз шотқа» аударуға кеңес берген.

Алаяқтардың сөзіне сенген студент депозиттегі жинағын шешіп алып, олар көрсеткен есепшотқа 10 млн теңгеге жуық ақша аударған. Қаражатты жібергеннен кейін ғана алданғанын түсінген.

Полиция азаматтарды телефон арқылы хабарласқан белгісіз адамдарға жеке деректерін бермеуге және олардың нұсқауымен ақша аудармауға шақырады. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін ескертеді.