АҚШ-та ауруханалар мен мектептердің ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасап, мекемелерден ақша бопсалады деген күдікпен Қазақстан азаматы жауапқа тартылуы мүмкін. 43 жастағы Роман Хлыновский Италиядан АҚШ-қа экстрадицияланды. Бұл туралы АҚШ Әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, Хлыновский 2025 жылдың жазында АҚШ билігінің халықаралық ордері негізінде Италияда ұсталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол 8-Digits Team деп аталатын хакерлік топтың құрамында болған. Топ мүшелері америкалық ауруханалар мен медициналық ұйымдардың компьютерлік жүйелеріне заңсыз кіріп, пациенттердің құпия деректерін ұрлаған. Кейін ақпаратты жариялаймыз деп қорқытып, мекемелерден ақша талап еткен.
АҚШ Федералдық тергеу бюросының директоры Кэш Пательдің мәлімдеуінше, күдікті мен топтың басқа мүшелері ауруханалар мен мектептерге бірнеше рет шабуыл жасап, ұрланған мәліметтерді таратпау үшін ақша бопсалаған.
Топтың талап еткен төлемдерінің жалпы сомасы 500 миллион доллардан асқан.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.