Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

363 миллиондық элиталық пәтер 254 миллионға түсті: тәркіленген баспаналар қайта сатылымда

363 миллиондық элиталық пәтер 254 миллионға түсті: тәркіленген баспаналар қайта сатылымда
e-qazyna.kz сайтынан

Астанада мемлекетке қайтарылған үш элиталық пәтер қайта саудаға шығарылды. Алғашқы сауда-саттықта сатып алушы табылмағандықтан, олардың бағасы 33 миллионнан 109 миллион теңгеге дейін төмендетілген, деп хабарлайды ult.kz.

Ең қымбат пәтер Green Village тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ауданы 231 шаршы метр болатын баспана қыркүйекте 214 миллион теңгеге ұсынылғанымен, өтпей қалған. Енді оның бағасы 149 миллион теңгеге дейін түсірілді.

Ал елорданың «Париж орамы» тұрғын үй кешеніндегі ауданы 309,5 шаршы метр екі деңгейлі пәтердің құны 363 миллионнан 254 миллион теңгеге арзандады. Бұл – үш нысанның ішіндегі ең үлкен жеңілдік.

Сол кешендегі ауданы 93 шаршы метр тағы бір пәтердің бағасы 112 миллионнан 79 миллион теңгеге төмендетілген.

Осылайша, үш пәтердің жалпы құны 207 миллион теңгеге арзандап отыр. Кезекті сауда-саттық 25 қараша күні сағат 12:00-де бағаны көтеру әдісімен өтеді.

Жылжымайтын мүліктерді Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) сатылымға шығарған. Компанияның мәліметінше, бұл – заңсыз алынған қаражатқа сатып алынып, кейін мемлекетке қайтарылған баспаналар. Алайда бұрынғы иелерінің есімдері заң талаптарына сәйкес жарияланбайды.

ҚАБК сауда-саттық өтпей қалған жағдайда да мүлікті сату жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады. Егер мемлекеттік органдардан ресми сұраныс түссе, пәтерлерді олардың балансына беру мәселесі қаралуы мүмкін.

Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылып, әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.