15 қарашада Мексиканың Гвадалахара қаласындағы әуежайда Димаш Құдайбергенді 100-ден астам жанкүйері күтіп алды. Қазақстандық әнші қалаға DIMENSIONS әлемдік туры аясында барған. Оны жанкүйерлері дәстүрлі мексикалық әуенмен қарсы алды, деп хабарлайды ult.kz.
Әуежайдағы кездесуде жанкүйерлер әншіні қошеметпен қарсы алып, мексикалық және қазақ мәдениетін ұштастырған музыкалық бағдарлама ұйымдастырды.
Мерекелік көңіл күйді Mariachi Nungaray музыкалық ансамблі қалыптастырды. Музыканттар Historia de un Amor, Bésame Mucho, Cielito Lindo сияқты танымал шығармаларды орындады.
Сондай-ақ Димаштың он жылдан астам уақыт бұрын жазылған «Ұмытылмас күн» әні де мексикалық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалды. Оны Анджело есімді жанкүйер ансамбльмен бірге орындаған.
Осылайша, қазақ әншісінің шығармасы мексикалық музыкалық дәстүрмен үндесіп, ерекше форматта орындалды.
Айта кетейік, Димаш бұған дейін Мерида мен Монтеррей қалаларында концерт берген. Ал 17 қарашада Гвадалахарада DIMENSIONS шоуын ұсынады.