Көрермен алдында өнер көрсету әрдайым ойдағыдай өте бермейді. Кейде әншілер әннің сөзін ұмытып қалса, енді бірі сахнада сүрініп, күтпеген жағдайға тап болады. Қазақ эстрадасының танымал өкілдері де мұндай сәттерді бастан өткерген. Ult.kz әншілердің өздері сұхбаттарында айтып берген сахнадағы бес қызықты оқиғаны жинақтады.
1. Нұржан Керменбаев Президент алдында әннің сөзін ұмытып қалған

"Арнау" тобы арқылы танылған Нұржан Керменбаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнер көрсеткенде болған ыңғайсыз жағдайды еске алған. Әнші бұл оқиғаны топтағы әріптесі Салтанат Бақаевамен бірге Instagram желісінде бөліскен.
Олардың айтуынша, бірде "Алматы концерт" ұжымының ұйымдастыруымен бірнеше өнерпаз Астанаға шақырылған. Сол кеште "Арнау" тобына президент ұнататын "Ақтамақ" және "Әпитөк" әндерін орындау тапсырылған. Алайда Нұржан мен Салтанат бұл шығармалардың сөзін бұрыннан білмегендіктен, түні бойы жаттауға мәжбүр болған. Тіпті Астанаға ұшып бара жатқанда да ән мәтіндерін қайталаған. Кеш басталғанда екеуі алдымен өз репертуарындағы әндерді орындаған. Бірақ кезек жаңадан жаттаған шығармаларға келгенде, екеуі де сөзін ұмытып қалған.
"Әнді басынан аяғына дейін "на-на-на" деп айтып шықтық. Ең қызығы, ешкім күлмеді", – деп еске алған өнер иелері.
Нұржан мен Салтанат осы оқиғадан кейін "Арнау" тобы болып президенттің алдында қайта өнер көрсетпегендерін әзілмен жеткізген.
2. Мәдина Сәдуақасованың бишісі сахнада ыңғайсыз жағдайға қалған

Танымал әнші Мәдина Сәдуақасова концерт кезінде көрерменді күлкіге қарық қылған оқиғаны 7 арнаға берген сұхбатында баяндаған.
Әншінің айтуынша, ол сахнада ән орындап тұрған кезде залдағы адамдар аяқ астынан ду күлген. Бастапқыда Мәдина көрермендердің не себепті күлгенін түсінбеген. Кейін артына бұрылып қарағанда ғана жағдайдың мән-жайын аңғарған. Сөйтсе, әншінің артында билеп жүрген жігіттің сахналық киімі жыртылып кеткен екен. Ең қызығы, биші жігіт ештеңе болмағандай өнер көрсетуін жалғастыра берген.
"Артыма қарап қалсам, биші жігіттің шалбары ортадан қақ бөлініп жыртылып қапты. Комбинезон. Ол байғұс билеп жатыр", – деп еске алған әнші.
Мәдина сол сәттің теледидардан қалай көрсетілгенін де білмейтінін айтқан. Күтпеген жағдай оның сахналық қойылымдарға деген көзқарасына әсер еткен. Әнші осы оқиғадан кейін концерттерде күрделі шоу ұйымдастыруға сақтықпен қарай бастағанын жеткізген. Ол мұндай сәттерде артық қыламын деп, тыртық қылып алудан қорқатынын жасырмаған.
3. Ақбота-Нұр ән айтып тұрып күлкісін тоқтата алмаған

Әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейітмағамбет бір концертте Қуандық Рахыммен ән орындап тұрып, күтпеген жағдайға тап болған. Екі өнерпаз сахнада "Алтыным" әнін шырқаған кезде Ақбота кенет күліп жіберген. Оның әнді жалғастыра алмай, қайта-қайта күлген сәті әлеуметтік желіде тараған. Бейнежазбаны көрген қолданушылар әншінің әрекетін түрліше бағалап, сынға алған.
Кейін Ақбота Stan.kz басылымына берген сұхбатында оқиғаның себебін түсіндірген. Оның айтуынша, сол кезде ол баласымен бірге гастрольдік сапарда жүріп ауырып қалған. Қуандық Рахым әндерді жанды дауыста орындайтындықтан, Ақбота да онымен бірге жанды дауыста ән салған. Алайда сахнада тамағы ауырып, жөтел қысып, ән айтуы қиындаған.
"Сахнада ән айтып жатқанымда жөтел қысты. Сосын қақырық келе бастады. Ұят болса да айтайын, қақырықты не әрі, не бері өткізе алмай қалдым. Сол үшін күліп жібердім", – деген әнші.
Ол осы жағдайға байланысты көпшіліктің өзін дұрыс түсінбегенін айтып, Қуандық Рахыммен араларында тек достық және әріптестік байланыс бар екенін де түсіндірген.
4. Роза Рымбаева сахнада шалқасынан құлап түскен

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева да сахнадағы күтпеген оқиғалардың бірін "Алғашқы" бағдарламасында еске алған. Әншінің айтуынша, концерттердің бірінде ол ән орындап жүріп, артқа қарай қозғалған. Алайда сахнада тұрған музыкалық құрылғыны байқамай қалған. Соның салдарынан әнші сүрініп, шалқасынан құлап түскен. Роза Рымбаева бұл оқиғаны кейін әзілмен еске алып, сахнада сальто жасағанын айтқан.
"Сахнада құлағанмын. Сахнада неше түрлі техника тұрады ғой. Мен сахнада көрерменнің алдында ән айтып, артқа қарай келе жатып, жәшікті көрмей қалғанмын, сальто жасадым ғой", – деген өнер иесі.
Осы оқиғаны музыкант Мұрат Бисенғалиев те еске алған. Оның айтуынша, концерт Республикалық сарайда өтіп, Роза Рымбаева сахна ортасында ән айтып, билеп жүрген. Әнші құлаған сәтте музыканттар оның жарақат алып қалуынан қорқып, қатты шошыған. Бірақ Роза Рымбаева бірден орнынан тұрып, әзіл айтып, концертті ештеңе болмағандай жалғастырған. Өнер иесінің сол кездегі сабырлылығы мен тапқырлығы әріптестерінің есінде қалған.
5. Серік Ибрагимов жеке концертінде өз әнінің сөзін ұмытып қалған

Қазақ эстрадасының әншісі Серік Ибрагимов те жанды дауыста өнер көрсету кезінде ыңғайсыз жағдайға тап болған.
2019 жылдың қаңтарында оның концертте ән сөзін ұмытып қалған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған. Оқиға әнші "Жоқ деме" шығармасын орындауға шыққанда болған. Серік әннің басындағы сөздерді есіне түсіре алмай, біраз уақыт кідіріп қалған. Кейін ол көрермендерден әнді қайта бастауды сұраған. Осы сәтте өнер иесі жанды дауыста ән айтып тұрғанын да атап өткен. Алайда артынша шығарманың жаңа екенін және мәтінін толық меңгеріп үлгермегенін мойындаған.
"Жаңа ән болғаннан кейін, сөзі сәл есіме түспей тұрғаны. Бас жағы..." – деп түсіндірген әнші НТК арнасының "Ревю" бағдарламасында.
Бұл жағдай желі қолданушылары арасында қызу талқыланған. Бірі әншіні концертке жеткілікті дайындалмағаны үшін сынаса, енді бірі оның қателігін жасырмай мойындағанын қолдаған. Серік Ибрагимовтің сахнадағы бұл сәті жанды дауыста өнер көрсету кезінде күтпеген жағдайлардың болатынын көрсеткен.
Сахнадағы мұндай оқиғалар танымал өнерпаздардың да күтпеген жағдайға тап болатынын көрсетеді. Бірі әннің сөзін ұмытып, енді бірі сахнадағы құрылғыға сүрінсе, кейбіріне денсаулығы кедергі болған. Әншілердің кейін бұл сәттерді ашық айтып, тіпті әзілге айналдыруы олардың сахна сыртындағы болмысын да танытады. Ал кезінде ыңғайсыз көрінген жағдайлар жылдар өте өнер адамдарының ұмытылмас естелігіне айналған.