Қазақстанда «AI-Quryltai» жасанды интеллект платформасының көмегімен жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл туралы ақпаратты Құрылтай баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды ult.kz.
«Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы аталған интеллектуалды жүйеде дайындалған алғашқы құжат болды. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Закиева мен Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті төрағасының орынбасары Екатерина Смышляева мәлімдеді.
AI-Quryltai – құқықтық пайымдау мүмкіндігі бар жасанды интеллект моделі енгізілген платформа. Ол заң жобасын әзірлеу барысында мәселені жан-жақты талдауға, үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге, азаматтардың өтініштері мен ата-аналардың, сарапшылардың және қоғам өкілдерінің ұсыныстарын зерделеуге мүмкіндік берген.
Сонымен қатар платформа халықаралық тәжірибені зерттеп, балалардың цифрлық және ақпараттық ортада тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерді анықтауға көмектескен.
Заң жобасын әзірлеу кезінде алғаш рет 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актіні қамтитын деректер базасымен жұмыс істейтін арнайы құқықтық модель қолданылған. Оның көмегімен цифрлық технологиялардың дамуы мен жаңа қауіптерді ескере отырып, балаларды ақпараттық және цифрлық кеңістікте қорғауға бағытталған шаралар кешені пысықталған.
Сонымен бірге жасанды интеллект депутаттар мен сарапшылардың орнын алмастырмайды. Платформа ұсынған барлық бастама заң жобасын әзірлеуші депутаттардың қосымша тексеруінен және пысықтауынан өткен. Бұл жұмысқа шақырылған заңгерлер мен цифрлық және ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары да қатысқан.