Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар өтеді

Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар өтеді
altynqor.com

Алматыда көрнекті қазақ домбырашысы, композитор, дирижер әрі педагог Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар өтеді. Басқосуда музыканттар мен зерттеушілер өнер иесінің ұлттық музыка өнерін дамытуға, орындаушылық дәстүрлерді сақтап, жас музыканттарды тәрбиелеуге қосқан үлесін талқыламақшы. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

2026 жылғы 20 қарашада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Қаршыға Ахмедияров: орындаушылық өнері, ғылыми-педагогикалық мұрасы мен домбыра мектебінің дәстүрі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен музыканттың 80 жылдығына арналған гала-концерт өтеді.

Қаршыға Ахмедияров қазақ күйі мен домбыра өнерінің дамуына зор үлес қосты. Оның шығармашылық мұрасына аспаптық туындылармен қатар әндер мен поэмалар да енеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Домбыра кафедрасының профессоры Карима Сахарбаеваның айтуынша, өнер иесінің шығармашылығы бүгіндері әр елдің орындаушыларын біріктіріп келеді.

«Былтыр Қаршыға Ахмедияров атындағы күй байқауы халықаралық деңгейде өтті. Биыл да оны Алматыда ұйымдастырмақ ойдамыз. Концертке Өзбекстан мен Қырғызстанның халық әртістері, сондай-ақ басқа да түркітілдес елдердің орындаушылары қатысады. Қаршыға Ахмедияров күй ғана емес, ән мен поэзиялық шығарма да жазған», – деді Карима Сахарбаева.

Кездесу барысында Қаршыға Ахмедияровтың өзіндік орындаушылық мәнері мен оның домбыра мектебінің дамуына тигізген ықпалына назар аударды. Карима Сахарбаеваның айтуынша, музыканттың 130-дан астам шығармасы өзіндік стилімен, композициялық құрылымымен, орындау ерекшелігімен дараланады. Сонымен қатар ол алдыңғы буын күйшілерінің мұрасын терең зерттеп, қазақ музыкасының дәстүрін сақтап, одан әрі дамытты.

Музыканттың шығармашылық мұрасында педагогикалық қызметі де айрықша орын алады. Қазақстан мәдениетінің үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Домбыра кафедрасының доценті, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті Баян Игілік ұстаздың шәкірттердің орындаушылық шеберлігіне ғана емес, ғылыми ізденісіне де ерекше көңіл бөлгенін айтты.

«Қаршыға ағайдың шәкірті болғанымды үлкен мәртебе санаймын. Ол бізді жан-жақты маман етіп тәрбиеледі. Бірде Қытайға барған сапарынан кейін маған екі аудиожазба әкеліп, оларды нотаға түсіріп, зерттеуді тапсырды. Осылайша ол бізді тек орындаушылық бағытта ғана емес, ғылыми ізденіс жолында да бағыттап отырды. Соның арқасында бүгінгі күні бірнеше кітап шығарып, диссертация қорғадым. Әлі де осы жолды жалғастырып келемін», – дейді Баян Игілік.

Оның айтуынша, Қаршыға Ахмедияров жас орындаушылардың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оларға қолдау көрсетіп, талантын ашуға көмектесе білген. Ұстаздың педагогикалық ұстанымы бүгінгі жас музыканттар үшін де маңызды үлгі болып қала береді.

Мерейтойлық бағдарлама 20 қарашада өтеді. Сағат 10:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуы мен пленарлық отырыс ұйымдастырылады. Сағат 14:00-де секциялық отырыс Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жалғасады. Ал сағат 18:00-де Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Күй кемеңгері – Қаршыға» атты концерт өтеді.

Іс-шаралар ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға, Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылық және педагогикалық жолын зерделеп, сондай-ақ домбырашылардың дәстүрін келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.