Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті опера әншісі, халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған фестиваль өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолы Абай атындағы театрмен тығыз байланысты болды. Ол әйгілі опералық партияларын осы сахнада орындады.
Фестиваль Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсымен ашылды. Осы қойылымдағы Фигаро партиясын шебер орындаған Ермек Серкебаев «КСРО-ның үздік Фигаросы» атанған болатын. Фестивальде Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы да сахналанды. Ермек Серкебаев осы туындыда өзінің ең танымал сахналық бейнелерінің бірін сомдаған.
Фестиваль театрдың жетекші солистері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысқан гала-концертпен аяқталды. Концертте Татарстан Республикасының халық әртісі, Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ренат Салаватов және театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов дирижерлік етті.
Құрметті қонақтар қатарында Ермек Серкебаевтың жары Әлфия Байжанова, бауыры, дирижер Мұрат Серкебаев, Жәмила Серкебаева және өзге де жақындары, сондай-ақ әріптестері мен әншінің өнерін қадір тұтатын жандар болды.
Сонымен қатар театр фойесінде әншінің қызы Ирина Серкебаева жазған «И жизнь, и молодость, и счастье…» кітабының екінші басылымы таныстырылды. Кітап Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған.
Фестиваль Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың жалғасы болды. Бұған дейін Абай атындағы театр ұжымы 18 қыркүйекте Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Дәуір үні» атты гала-концерт ұсынған болатын.
Мерейтойлық іс-шаралар отандық опера өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Ермек Серкебаевтың шығармашылық мұрасын сақтауға және кеңінен насихаттауға бағытталған.