Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Инклюзивті білім мәселелері: «10 000 бала ерекше білімге кезекте тұр»

Инклюзивті білім мәселелері: «10 000 бала ерекше білімге кезекте тұр»
Ашық дереккөзден

Бүгінгі таңда елімізде 237 000 балаға ерекше білім беру қажет болса, оларға 541 арнайы мектеп бар екен. Сондай-ақ 100 240 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, 126 ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) кабинеті және аутизмі бар балаларды қолдауға арналған 12 орталық жұмыс істейді.

Бұл балалар үшін инклюзия – жай ғана мектепке бару мүмкіндігі емес, бұл – оқу, даму және құрдастарымен қарым-қатынас жасау, қоғамдық және мәдени өмірге араласу мүмкіндігі.

2021 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

«Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кәдімгі балалармен, яғни нормотипикалық балалармен бірге оқуға мүмкіндігі болуын көздейтін шара қарастырылған болатын. Қазір елімізде 1 000-нан астам мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттер ашылды. Бірақ біз не көріп отырмыз? Бәрібір жетіспейді, жыл сайын үлкен өсім байқалуда», – дейді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша елімізде әлі де инклюзивті білім алуға мұқтаж балалар көп. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 10 000 бала ерекше білімге кезекте тұр.

Министрліктің деректеріміз бойынша, қазір 16 ПМПК кабинетін, сондай-ақ 8 түзету кабинетін ашу қажет.

«Бұдан басқа, бұл мәселені кешенді түрде қарау үшін, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында жаңа арнайы мектептер салатын боламыз деген жоспарды енгізіп жатырмыз.

Бұл – инклюзивті білім беру қамтылған арнайы мектептердің жаңа форматы. Онда біз үш тәсіл болады деп ойлаймыз: бұл реабилитация, оқыту және біздің балаларымызды қолдау. Сондықтан бұл сұрақ, әрине, министрліктің бақылауында», – деді Сүлейменова өз сөзінде.

Инклюзивті білім беру саласында кадр тапшылығы да бар көрінеді.

«Бүгінгі таңда 11 000 арнайы педагог жұмыс істейді. Бірақ біз мұның жеткіліксіз екенін түсінеміз. Осы кезеңде 9 колледж қазірдің өзінде 900-ден астам дефектологты дайындап жатыр, сондай-ақ 8 колледж 200-ге жуық арнайы педагогты даярлайды.

Айта кету керек, арнайы педагогтар бойынша бізде үлкен сұрақ тұр. Соның ішінде жалақы мәселесі бойынша сұрақ шынымен де өзекті. Сондықтан қазір Құрылтай қабырғасында талқыланып жатқан заң жобасы аясында біз инклюзивті білім берумен айналысатын педагогтардың жалақысын қайта қарауды қолдауға дайынбыз. Бұл сұрақ бақылауда, бұл сұрақ жұмысы жалғасуда», – деді Оқу-ағарту министрі депутаттың сұрағына жауап беру кезінде.

Айта кетейік, 16 қарашада Құрылтайда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Үкімет сағаты өтті. Депутаттар алдында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасады. Ол білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті трансформациялау, балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының жұмысын дамыту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қорғау және басқа да шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді.