Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Мұхамеджан Тазабектің қызы әкесі туралы сыр шертті

Мұхамеджан Тазабектің қызы әкесі туралы сыр шертті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Ақын Мұхамеджан Тазабектің қызы әлеуметтік желіде әкесі туралы жазба жариялап, оның бала тәрбиесіндегі ұстанымы мен өзіне көрсеткен қамқорлығын әңгімеледі, деп хабарлайды ult.kz.

Жазба авторының айтуынша, көпшілік әкесінің досқа, аға мен ініге қандай адам екенін білгенімен, отбасындағы әкелік болмысын біле бермейді. Сондықтан ол әкесі туралы өз ойын бөлісуді жөн көрген.

“Үйдегілердің ішінде әкеме тартып, шығармашылыққа жақын болып өскен – мен. Соңғы жылдары қайда барса да мені қасына ертіп жүр. Ортасын көремін, жұмысына араласамын, өмірді әкемнің жанында жүріп үйреніп келемін”, – деп жазды ол.

Оның сөзінше, әкесі қыз баласы болғаны үшін талабын шектемеген. Керісінше, ел көріп, тіл үйренуіне, білім алып, өз жолын табуына қолдау көрсеткен.

“Қызсың ғой” деген сөзді әкемнен бір рет те естіген емеспін. Керісінше, көзқарасым кең болсын деп талай елді көрсетті, тіл үйренуіме себепкер болды, білімім мен дамуым үшін ештеңесін аяған емес”, – дейді ақынның қызы.

Ол әкесінің күнделікті өмірде де еркелігін көтеріп, қателіктеріне түсіністікпен қарайтынын айтқан. Тапсырған жазбасын уақытында жарияламай қалса да, ыстық шайдың орнына салқын су әкелсе де, әкесінің қабақ шытпағанын мысалға келтірген.

Айта кетейік, Мақпал Жүнісова анасының 90 жасын неге дүркіретіп өткізбегенін түсіндірді.

Мұхамеджан Тазабек кім?

Мұхамеджан Оразбайұлы Тазабек — айтыскер ақын, медиаменеджер. 1975 жылғы 3 шілдеде Жамбыл облысы Байзақ ауданының Шахан ауылында дүниеге келген. Республикалық және халықаралық айтыстарда жүлде алып, көпшілікке суырыпсалма ақын ретінде танылған.

Кейін телевизия саласына бет бұрып, “Асыл арна” телеарнасының негізін қалаған әрі басқарған.

Оның көпшілік алдында айтатын ойлары мен әлеуметтік желідегі жазбалары тәрбие, отбасы және руханият тақырыптарын қамтиды.