Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, ведомство жұмысына қатысты бірқатар міндет жүктеді, деп хабарлайды ult.kz.
Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, комитеттің алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қорғауға, сыбайлас жемқорлық пен өзге де заң бұзушылықтарға қарсы күреске басымдық беруді тапсырды.
Бұдан бөлек, Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алуды және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шараларын күшейтуді міндеттеді.