Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Мектепке дейінгі ұйымдардағы қауіпсіздік: Құрылтайда резонансты деректер жарияланды

Мектепке дейінгі ұйымдардағы қауіпсіздік: Құрылтайда резонансты деректер жарияланды
shutterstock

Құрылтайдың алғашқы Үкімет сағатында депутат Айжан Найманбекова мектеп жасына дейінгі балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен моральға жат әрекеттердің алдын алу мәселесін көтерді. Депутат бұл бағыттағы жұмыстар тек әдістемелік ұсынымдармен шектеліп қалмай, нақты тетіктер мен міндетті құралдарды талап ететінін атап өтті. Осыған орай, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова маңызды статистикалық мәліметтерді жариялап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің берген мәліметі бойынша, 2024–2026 жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 42 резонансты факт тіркелген.
Оның ішінде 37 факті жекеменшік балабақшаларда орын алған. Аталған заңбұзушылықтардың 36-сын тікелей балабақша тәрбиешілері жасағаны анықталды.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың маусымында ведомствоаралық іс-қимыл алгоритмі мен механизмін бекітті. Бүгінгі таңда заңнамалық деңгейде қатаң жауапкершіліктер қарастырылған:

"Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес, балада дене жарақаты немесе өзге де құқықбұзушылық белгілері анықталып, оған дер кезінде реакция білдірілмеген жағдайда жауапкершілік қарастырылған. Тәрбиешілер баланың денесінен жарақат немесе күдікті жағдай байқаса, бұл туралы дереу балабақша басшысына, ал басшылық құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Осы талапты орындамағаны үшін қазірдің өзінде 71-ге жуық жеке тұлғаға айыппұл салынды.

Сонымен қатар, 127-баптың 3-бөлігі балаға қатысты жағдайларға немқұрайлы қарап, мәселені қарастырмағаны үшін балабақша басшыларына әкімшілік жауапкершілік жүктейді. Қазіргі таңда бұл баппен 135 балабақша басшысы жауапқа тартылды", - деді Жұлдыз Досбергенқызы.
 

Министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай күшейте түсетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, тәрбиешілердің кәсіби біліктілігі мен психологиялық тұрғыдан даярлығын арттыруға басымдық берілмек. Балалардың құқығын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары алдағы уақытта да қатаң бақылауда болады.