Көкшетау қаласында 40 жастағы ер адам 41 миллион теңгеден астам қаржыға алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Полицияның мәліметінше, ол туыстары мен таныстарына автокөліктерді аукцион арқылы арзан бағаға алып беруге уәде бергенімен, міндеттемелерін орындамаған, деп жазады ult.kz.
Ақмола облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтық схемасы 2023 жылдан бері жүзеге асырылған. Күдікті автокөліктерді Астанадағы аукционнан сатып алуды ұсынып, алдымен бастапқы жарнаны төлеуді, ал қалған соманы көлік қолдарына тигеннен кейін беруге болатынын айтқан.
Жәбірленушілердің бірі – Көкшетау қаласының 38 жастағы тұрғыны. Ол күдіктіге 11 миллион 559 мың теңге берген. Жалпы, үш жыл ішінде ер адамның әрекетінен бес адам зардап шегіп, оған 41 миллион теңгеден астам қаражат тапсырған.
Алайда сатып алушылар уәде етілген автокөліктерге қол жеткізе алмаған. Ақшалары да қайтарылмаған. Ал күдікті әр жолы түрлі сылтау айтып, уақыт созған.
Жәбірленушілер полицияға арызданғаннан кейін күдікті тергеуден бой тасалап, іздеу жарияланған. Қазіргі уақытта ол ұсталып, қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Полиция өкілдері туыстармен немесе таныстармен жасалатын мәмілелер кезінде де ұсыныстың шынайылығын мұқият тексеріп, келісімшарт рәсімдеуге және ақшаны тек растайтын құжаттар болған жағдайда ғана беруге кеңес береді.