Абай облысында Семей қаласының жоғалып кеткен тұрғынын іздеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ult.kz.
Өлімнің алдын ала себебі - үсіп қалу болуы мүмкін.
1982 жылы туған Ринат Ахметов соңғы рет 6 қараша күні таңғы сағат 5:00 шамасында байланысқа шыққан. Содан кейін оның қайда екені белгісіз болып қалған.
Жоғалған азаматтың көлігі бірнеше күннен кейін, 9 қарашада, Ертіс өзеніне жақын маңдағы Пятилетка, Нововасильевка және Алексеевка елді мекендері аумағынан табылған.
«Ер адамның денесі Бородулиха ауданына қарасты Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі ашық далада табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін», - делінген полиция хабарламасында.
Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалады.
Іздестіру жұмыстарына 60-тан астам полиция қызметкері, оның ішінде арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) 30 қызметкері, 10 құтқарушы, 50 әскери қызметші, төрт ерікті және жоғалған азаматтың 10 туысы мен досы қатысқан.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындар қолдау көрсетіп, жетуі қиын аумақтарды тексеру үшін 12 трактор бөлген. Құқық қорғау органдары іздеу барысында екі квадроцикл пайдаланған.
Полиция департаменті марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қаза тапқан азаматтың көлігі жырадан табылғандығын хабарлаған едік.