Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Павлодарда оқушы сыныптасының телефонынан лаңкестік әрекет туралы жалған хабарлама берген

Павлодарда оқушы сыныптасының телефонынан лаңкестік әрекет туралы жалған хабарлама берген
Ашық дереккөздерден

Павлодар қаласының полициясы жоспарланып жатқан лаңкестік әрекет туралы жалған хабарлама берген жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның мәліметінше, оқушы сабаққа кешігіп келіп, спорт залында қараусыз қалған сыныптасының телефонын байқайды. Содан кейін сол телефон арқылы жедел қызмет нөміріне қоңырау шалып, лаңкестік әрекет туралы хабарлаған.

Жасөспірім өз қоңырауының арты қандай жағдайға әкелетінін ойламағанын түсіндірген.

«Лаңкестік акт туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің кепілдігімен тапсырылды», – деді Павлодар қалалық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Полиция өкілдері лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат хабарлау қылмыстық құқық бұзушылық болып саналатынын еске салды. Мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар жалған хабарламаға байланысты жедел қызметтер жұмсаған шығынды жасөспірімнің ата-анасы өтеуге міндетті болады.