Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында екі мектеп оқушыларының жеке деректерін заңды өкілдерінің жазбаша келісімінсіз бөгде ұйымдарға берген. Тіпті мектептердің бірінің ресми сайтында кәмелетке толмағандардың жеке мәліметтері көрсетілген құжаттар ашық жарияланған, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, заңбұзушылықтар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңнама талаптарының орындалуын тексеру барысында анықталған. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті сақтау талаптары ескерілмеген.
Тексеру кезінде мектептерде интернет-контентті сүзгілеу жұмыстарының да тиісті деңгейде жүргізілмегені белгілі болды. Соның салдарынан оқушылар зорлық-зомбылықты, құмар ойындарды насихаттайтын және деструктивті мазмұндағы сайттарға еркін кіре алған.
Анықталған заңбұзушылықтар үшін мектептердің бірінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін барлық анықталған заңбұзушылық жойылған.
Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жеке деректерінің құпиялылығын сақтау және білім беру ұйымдарындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бақылауда екенін мәлімдеді.