Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Қыдырәлі ренжімесін”: Ерлан Көкеев “АБК” тобының құрылуы туралы айтты

“Қыдырәлі ренжімесін”: Ерлан Көкеев “АБК” тобының құрылуы туралы айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әнші Ерлан Көкеев «АБК» тобының қалай құрылғанын әңгімелеп, Қыдырәлі Болмановтың бұған дейінгі сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін Қыдырәлі Болманов топты өзі құрғанын айтқан еді. Ал Көкеевтің айтуынша, шығармашылық ұжымның дүниеге келуіне кездейсоқ жағдай себеп болған.

“Қыдырәлі ренжімесін, бірақ жағдай мүлде басқаша болды. Топ кездейсоқ құрылды”, – деді әнші.

Өнер иесі бір жолы Қала күніне арналған мерекелік шараға шақырту алғанын еске алды. Сол кезде ол ұйымдастырушыларға достарымен бірге ән айтқысы келетінін жеткізген.

Көкеевтің сөзінше, достардың сол кеште бір сахнаға шығып, бірге өнер көрсетуі кейін «АБК» тобының құрылуына ұласқан.

Айта кетейік, Тарап кеткен АБК тобының мүшелері Мейрамбек Бесбаевтың 50 жас тойында бас қосты. 

«АБК» тобы

1990 жылдары қазақ эстрадасында танылған трио. Топ құрамында Медеу Арынбаев, Қыдырәлі Болманов және Ерлан Көкеев өнер көрсетті. Ұжымның атауы үш әншінің тегінің бас әріптерінен құралған: Арынбаев — «А», Болманов — «Б», Көкеев — «К».

Топтың көпшілікке кеңінен танылуына 1996 жылы жазылған «Тамшылар» әні ықпал етті. Үш орындаушы да бас қосқанға дейін музыкалық байқауларға қатысып, жеке әндерін жазып жүрген өнерпаздар еді.

Кейін топ мүшелері шығармашылық жолдарын бөлек жалғастырды. Медеу Арынбаев жеке орындаушы ретінде танылса, Ерлан Көкеев «К-7» тобын құрды. Қыдырәлі Болманов әншілікпен қатар продюсерлікпен айналысып, бірқатар өнерпазбен жұмыс істеді.