Танымал продюсер Баян Алагөзова Жапонияға сапары кезінде адалдықтың символына айналған Хатико есімді иттің оқиғасын еске алып, ерекше әсерге бөленді. Ол жануарлар туралы мұңды фильмдерді көру өзіне ауыр тиетінін айтып, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында иттердің адалдығы туралы оқиғаларға бейжай қарай алмайтынын жеткізді. Әсіресе "Ақ Бим Қара құлақ" фильмінің жүрегіне қатты әсер еткенін жасырмады. Баян Мақсатқызы бұл туындыны өмірінде бір-ақ рет көрген. Фильмнің аянышты оқиғасы жанына ауыр тигені соншалық, өзіне оны енді ешқашан қайта көрмеуге уәде берген.
"Жанымды қатты жаралаған, ең ұнатпайтын фильмім – "Ақ Бим Қара құлақ". Оны бір-ақ рет көрдім. Сол кезде жүрегім қарс айырылғандай болды. Содан кейін өзіме бұл фильмді енді ешқашан қайталап көрмеймін деп уәде бердім. Ал екінші фильм – "Хатико". Оны есейген шағымда көруге тәуекел еттім. Бірақ енді қайталап көрмеймін. Неліктен екенін білмеймін, иттердің басынан өткен қайғылы оқиғалар жаныма ерекше батады. Хатико иесін он жыл бойы дәл осы жерде күтті. Ойлаңызшы, ол бар болғаны ит қой", – деп жазды продюсер.
Сондай-ақ Баян Алагөзова жануарларға, әсіресе иттерге қатыгездік танытатын адамдарды түсінбейтінін айтты. Оның сөзінше, жануарларға жаман қарайтын жандармен араласқысы келмейді.
Продюсердің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының да көңілін босатты. Көпшілік оның пікірімен келісіп, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті.
Айта кетейік, Хатико – иесіне деген шексіз адалдығымен әлемге танылған ит. Ол иесі қайтыс болғаннан кейін де Жапониядағы Сибуя станциясына жылдар бойы келіп, оны күткен. Бұл оқиға кейін бірнеше көркем туындыға арқау болып, Хатико адалдық пен сүйіспеншіліктің символына айналды.
Баян Алагөзова кім?
Баян Мақсатқызы Алагөзова – қазақстандық танымал продюсер, актриса, тележүргізуші және кәсіпкер. Ол 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын журналистика саласында бастап, кейін кино және шоу-бизнеске бет бұрған. 1993 жылы режиссер Талғат Теменовтің "Махаббат бекеті" фильмінде Гүлнәздің рөлін сомдап, көпшілікке танылды.
Кейін "Ғашық жүрек", "Ғашық жүрек 2" секілді фильмдердің жарыққа шығуына атсалысты.
Баян Алагөзова – қазақстандық танымал KeshYOU қыздар тобының негізін қалаушы әрі Shine Production продюсерлік орталығының жетекшісі.
2025 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.