12 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыста жауын-шашын күшейіп, батыс, оңтүстік және шығыс өңірлерде желдің екпіні артады, деп хабарлайды ult.kz.
Астанада жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы түнде −4…−6, күндіз −1…+1 градус, желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр болады. Алматыда түнде жаңбыр мен қар жауып, тұман түсуі мүмкін, күндіз жауын-шашын тоқтайды. Түнде 0…+2, күндіз +5…+7 градус, жел секундына 3–8 метр болады. Шымкентте жауын-шашын күтілмейді: түнде −1…−3, күндіз +7…+9 градус. Желдің жылдамдығы секундына 8–13 метрге жетеді.
Солтүстік пен орталықта түнгі аяз сақталады. Ақмола облысында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады: түнде −2…−7, күндіз −2…+3 градус. Солтүстік Қазақстан облысында түнде аздаған қар жаууы мүмкін, температура −5 градусқа, оңтүстігінде −8 градусқа дейін төмендейді, күндіз 0…+5 градус болады. Павлодар облысында жауын-шашынсыз, түнде −4…−9, күндіз −2…+3 градус күтіледі. Қарағанды және Ұлытау облыстарында қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады. Қарағанды облысының шығысында түнде −10 градусқа дейін суытады.
Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының бірқатар ауданында жаңбыр жауады. Батыс Қазақстан облысында түнде 0…+5, солтүстік-шығысында −3 градусқа дейін, күндіз +3…+8 градус болады. Жел екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Атырау облысында түнде 0…+5, шығысында −3 градусқа дейін, күндіз +5…+10 градус күтіледі. Ақтөбе облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжанады: түнде 0…−5, күндіз +2…+7 градус. Маңғыстаудың батысы мен солтүстік-шығысында да жаңбыр мен қар жаууы мүмкін.