Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жұмыс тобының отырысы өтті. Мемлекеттік органдар өкілдерімен өткен кездесудің негізгі тақырыбы – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған заңнамалық бастама әзірлеу бойынша бірлескен шараларды пысықтау болды. Атап айтқанда, агросыныптар құру арқылы жаңа білім беру моделін енгізудің нақты құқықтық және практикалық тетіктері талқыланды. Сонымен қатар отырысқа Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ басқа да салалардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева ауыл жастарын ерте кәсіптік бағдарлау және даярлау идеясын Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен өткізген көшпелі кездесулері барысында көтерілгенін атап өтті.
Айта кетейік, 2026–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 10–11-сынып оқушыларына арналған бейінді агросыныптар ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Қазіргі таңда пилоттық жоба үш өңірде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ақмола облысында 3 мектепте 7 агросынып жұмыс істейді, Қостанай облысының 6 мектебінде агросыныптар мен агростудиялар ашылған, ал Солтүстік Қазақстан облысында жоба бірден 7 ауданды қамтып отыр. Дуальды білім беру, факультативтік сабақтар мен түрлі курстарды қоса алғанда, қабылданып жатқан шаралар әзірге жеткіліксіз.
Осыған байланысты аграрлық бағыттағы білім беруді заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігі айтылды. Яғни, факультативтік сабақ ретінде емес, мектеп бағдарламасына енгізілген толыққанды міндетті пән ретінде оқытылуы тиіс. Мұндай тәсіл оқушылардың жауапкершілігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығы мен ынтасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жобаның негізгі мақсаты туралы бастама авторы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко айтып берді. Оның айтуынша, жоба ауыл мектептерінің оқушыларына жалпы орта біліммен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен кәсіби құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік беруді көздейді.
«Балалар ересек өмірге дайын болуы керек. Олардың күнделікті өмірде нақты пайдасын тигізетін, болашақта қажет болатын дағдылары болуы маңызды. Бұл бастаманың тәрбиелік мәні де зор. Ол балаларды еңбекке баулып, еңбекқорлыққа тәрбиелейді, дұрыс құндылықтарды қалыптастырады. Сондай-ақ белгілі бір мамандықтың маңызын, қоғамға қажеттілігі мен пайдасын түсінуге жол ашады», – деді Г. Зенченко.
Қатысушылар жасөспірімдерге жас ерекшеліктеріне қойылатын талаптар мен еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қатаң сақтай отырып, жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеуге заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру бастамасына да ерекше назар аударды. Бұл мәселені ауыл тұрғындарының өздері де көтеріп отыр. Ата-аналар балаларын жастайынан еңбекке баулып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға мүдделі. Қатысушылардың пікірінше, ауыл шаруашылығы еңбегіне тікелей араласу және оның қадір-қасиетін түсіну жастардың туған жерінде қалып, өз өңірінің дамуына үлес қосуға деген ынтасын арттырады. Сондай-ақ бұл бастама қалада білім алып жүрген студенттердің оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылына оралуына да ынтасын тудыра алады.
Сонымен қатар ауылдық жерлерден көші-қонды тежеу үшін кешенді шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері көтерілді. Осы бағытта бастаманы іске асыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен жұмыс берушілердің мектеп оқушыларын кәсіби даярлау үдерісіне қатысуы жөніндегі өз ұстанымын Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ортаға салды.
Ол практикалық оқыту мен аттестаттау қорытындысы бойынша тиісті құжаттар беру және жұмысшы біліктіліктерін тағайындау тетігін нормативтік тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Жастар мен ауыл тұрғындары үшін бұл бастаманы кешенді түрде жүзеге асыру бірқатар маңызды мүмкіндіктерге жол ашады. Агросыныптарды бітірген түлектер оқу бағдарламаларын меңгеріп, жұмысшы мамандықтарын игергенін растайтын тиісті құжаттарға ие болады. Отырыс барысында ұсынылған тағы бір жаңашылдық – бейінді жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастыру. Сонымен қатар оқушыларға «Автоіс» бағыты бойынша екі жылдық курстан өтіп, емтихандар тапсыру және жүргізуші куәлігімен қатар ауыл шаруашылығы техникасын басқару құқығын алу мүмкіндігін беру ұсынылды.
Бастамашылардың пікірінше, бұл агросыныптарды жай ғана кәсіптік бағдар беру құралы деңгейінен шығарып, ауыл жастарын бастапқы кәсіби даярлаудың толыққанды жүйесіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту бірінші Вице-министрі Шынар Ақпарова агросыныптарда мамандар даярлау жұмыстарын колледждер базасында жоғары оқу орындары және бизнес өкілдерімен бірлесіп ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін де тартуға шақырды. Мұндай тәжірибе өзінің тиімділігін бұған дейін де көрсеткен. Өткен жылы 2 мыңға жуық мектеп оқушысы негізгі оқуымен қатар колледждерде жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, мектепті бірден екі құжатпен – орта білім туралы аттестат және кәсіби білім туралы дипломмен аяқтаған.
Мектеп оқушыларының білім алу және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін басқа да бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері жан-жақты қарастырды. Атап айтқанда, Ғылым және жоғары білім Вице-министрі Гүлзат Көбенова агросынып түлектерінің аграрлық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында қабылданып жатқан шаралармен таныстырды. Олардың қатарында жоғары оқу орындарына түсудің арнайы шарттары мен мемлекеттік білім беру гранттары бойынша мақсатты квоталар қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ермек Кенжеханұлы сұранысқа ие мамандықтар тізбесін айқындау және өндірістік тәжірибені ұйымдастыру кезінде агроөнеркәсіптік кешеннің нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті. Бұл басымдықтарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Елдар Күзенбаев та қолдады. Ол жұмысшы кадрларға деген сұраныс, ауыл жастарын кәсіби даярлау және оларды алдағы уақытта жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды.
Жұмыс тобының отырысын қорытындылаған Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева агросыныптар ашу бастамасының аграрлық мамандықтардың тартымдылығын арттыру, агроөнеркәсіптік кешенді білікті кадрлармен қамтамасыз ету және еліміздің ауылдық аумақтарын орнықты дамыту үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Осыған байланысты ол мектеп, жоғары оқу орны және жұмыс беруші арасындағы тиімді сабақтастық жүйесін қалыптастыруға тек ведомствоаралық кешенді тәсіл арқылы ғана қол жеткізуге болатынын баса айтты. Сонымен қатар отырыс барысында Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның жетекшілігімен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, салалық ведомстволардың вице-министрлері, өңір әкімдері мен олардың орынбасарлары кіреді.
Жұмыс тобы агрокластардың қызмет етуінің бірыңғай тетігін бекіту мақсатымен нормативтік құқықтық актілерге енгізілетін түзетулерді әзірлейді. Құжатты дайындау барысында өңірлердің өзіндік ерекшеліктері мен азаматтардың сұраныстары міндетті түрде ескеріліп, кейін қарау үшін Құрылтайға жолданады. Кездесу барысында айтылған өзге де ұсыныстар мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен алдағы бірлескен жұмыстың негізіне алынады.