Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапеште өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 супертурнирінің блиц кезеңінде сәтсіз өнер көрсетті. Ол Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Нодирбек Абдусатторовқа есе жіберді, деп хабарлайды ult.kz.
Белгілі болғанындай, алтыншы турда қара фигуралармен ойнаған Абдусатторов қазақстандық шахматшыны жеңді. Бұл кездесу швейцариялық жүйе бойынша өткен блиц сайысының аясында ұйымдастырылды.
Тоғыз турдың қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева бар болғаны 0,5 ұпай жинап, 24 қатысушының арасында соңғы орынға тұрақтады. Ал оның қарсыласы Нодирбек Абдусатторов 3,5 ұпаймен 19-орынға жайғасты.
Блиц кезеңінде топ жарған норвегиялық Магнус Карлсен жеті ұпай жинады. Франциялық Максим Вашье-Лаграв 6,5 ұпаймен екінші орын алса, америкалық Левон Аронян алты ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
10-20 қараша аралығында өтіп жатқан турнир блиц, рапид және жылдам классика жарыстарынан тұрады. Келесі кезең 11 қарашада басталады.