Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы ресми түрде коммерциялық басқару моделіне көшті. Клубты дамытуға үш жеке инвестор қатысады. Олармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа инвесторлар құрамына үш ұйым енді. Атап айтқанда, «Павлодар өзен порты» АҚ клубтың 50 пайыз үлесіне, «RR-CAPITAL» ЖШС мен «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС 25 пайыздан үлеске ие болды.
Клубты коммерцияландыру Қазақстан Президентінің кәсіби футбол командаларына жеке инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Реформаның мақсаты – басқару тиімділігін арттыру және клубтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Инвесторлар жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге бөледі
Инвесторлар «Ертісті» қаржыландыру, инфрақұрылымды, негізгі және жастар командаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер алады. Жыл сайынғы инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңге болады.
«Павлодар өзен порты» АҚ 2026 жылы клубты қолдауға демеушілік көмек ретінде 250 млн теңге бөлген. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге бағыттауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар мемлекет балалар және әйелдер футболын дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырады.

«Ертіс» банкроттықтан кейін қайта оралды
Клуб үшін коммерциялық басқару моделіне көшу бірнеше күрделі жылдан кейінгі жаңа кезең болмақ. 2020 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты «Ертіс» жарыстарға қатысуын тоқтатты. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде банкрот деп танылды. Клубты қайта жандандыру жұмыстары 2023 жылы басталды.
2024 жылы команда Екінші лигада өнер көрсетіп, кәсіби футболға қайта оралды. Өз конференциясында 22 ойынның 18-інде жеңіске жетіп, 56 ұпай жинады. Қарсыластар қақпасына 70 гол соқты.
Келесі маусымда Бірінші лигада екінші орын алып, Премьер-лигаға жолдама жеңіп алды. Осылайша, екі жылдың ішінде жоғары дивизионға қайта оралды.
Жаңа стадион мен футбол академиясы салынады
Клубтың коммерциялық моделіне көшуіне байланысты өңірде футбол инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.
2028 жылы Павлодарда 25 мың көрерменге арналған заманауи стадион салу көзделген. Ал келесі жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 жас спортшыға арналған футбол академиясын ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Ертіс» өз тарихында бес рет Қазақстан чемпионы атанған. Команда 1993, 1997, 1999, 2002 және 2003 жылдары ел біріншілігінде топ жарған. Клубтың Премьер-лигаға қайта оралуы оның 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.