"Бірден жақын тартып кетті": Наташа Қалымбетова балаларын қауыштырды

"Бірден жақын тартып кетті": Наташа Қалымбетова балаларын қауыштырды
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал Наташа Қалымбетова қызымен бірге АҚШ-тан Тайландқа барып, ұлымен қауышты. Ол отбасылық кездесудің қалай өткенін айтып, балаларының бір-бірімен тез тіл табысқанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Наташа Қалымбетова қызымен бірге ұзақ сапарға шыққан. Олар Оңтүстік Корея арқылы ұшып, жолға шамамен 20 сағат жұмсаған. Тайландқа жеткенде екеуін Наташаның ұлы күтіп алған. Оның айтуынша, балалары алғаш кездескен сәттен-ақ бір-біріне жақын тартып, еркін әңгімелесе бастаған. Араларында 10 жас айырмашылық болғанына қарамастан, екеуі тез тіл табысқан. Тіпті қызы Наташаға хабарлама жолдап, ұлын жақсы тәрбиелегені үшін алғыс айтқан.

"Екеуі бір-бірімен әңгімелесіп, бір-бірінен жақын жан тапқандай болды. Ең бастысы, үшеуіміз де бір-бірімізге ұқсаймыз", – деді ол.

Наташа Қалымбетованың сөзінше, қызы бұған дейін Азиядағы аралдарда демалып көрмеген. Сондықтан ол осы сапарды пайдаланып, қызына Тайландтың табиғаты мен көрікті жерлерін көрсетуді ұйғарған. Қазір отбасы мүшелері бір ғимараттан бөлек бөлмелер жалдап, бірге уақыт өткізіп жатыр. Сондай-ақ елді еркін аралау үшін көлік алған. Алдағы күндері олар Тайландтың танымал туристік орындарын аралап, демалыстарын жалғастырмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Наташа Қалымбетова қызымен биологиялық туыстығын анықтау мақсатында ДНҚ сараптамасын тапсырғанын мәлімдеген еді. Кейін зерттеу нәтижесі олардың туыстығын растағанын хабарлаған.