Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы жанкүйерлері өнер иесіне тосынсый жасап, оның алып портретін қала қабырғасына салдырды. Ерекше туынды Монтеррей қаласында пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің шығармашылығын жоғары бағалайтын жанкүйерлер бұл бастама арқылы Димашқа деген құрметі мен ықыласын білдіргісі келген.
Жобаны Dimash&DearsRegiasMty фан-клубы Мексикадағы Dears por Dimash альянсының қолдауымен жүзеге асырған. Ал қабырғадағы ауқымды суретті Antonio Art Mural есімімен танылған суретші Антонио салған. Димаштың портреті Монтеррей қаласының орталығындағы Francisco Javier Mina 1140, Centro мекенжайында орналасқан. Енді қала тұрғындары мен туристер қазақстандық әншіге арналған ерекше өнер туындысын өз көздерімен көре алады.
Жанкүйерлердің айтуынша, бұл сурет әншіге деген сүйіспеншіліктің ғана емес, Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланыстың да көрінісі.
"Біздің ойымызша, бұл көркем туынды жай ғана визуалды арнаудан әлдеқайда маңызды. Ол — мексикалық жанкүйерлердің, әсіресе Монтеррейдегі Dears қауымдастығының шынайы сүйіспеншілігі мен құрметінің көрінісі. Біз Димаш пен оның Отаны — Қазақстан арқылы қалыптасқан өнер және мәдени байланысымызды айшықтағымыз келеді", – деді Dears por Dimash альянсының өкілдері.
Айта кетейік, бұл сыйлық әншінің Мексикадағы концерті қарсаңында жасалып отыр. Димаш Құдайберген 14 қарашада DIMENSIONS әлемдік туры аясында Монтеррей қаласында өнер көрсетеді.
Жанкүйерлер қабырғадағы портрет екі елдің достығын нығайтып, қазақстандық әншінің шығармашылығын Мексика жұртшылығына кеңінен танытуға ықпал етеді деп сенеді.