Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов жаттығу барысы туралы айтып, UFC-ге оралуға дайындалып жатқанын аңғартты. Спортшы бірнеше айдан бері алғаш рет әлеуметтік желіде жазба жариялап, күн сайын күшейіп келе жатқанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
«Тағы бір ауыр жаттығу аптасы артта қалды. Күн сайын күшейіп келемін», - деп жазды файтер X әлеуметтік желісінде. Ол бірнеше айдан бері алғаш рет осы желіде жазба жариялады.
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. Ол Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Осыдан кейін қазақстандық спортшы тізесіндегі жарақатына байланысты үзіліс алуға мәжбүр болды.
Шавкаттың еншісінде 19 жекпе-жекте 19 жеңіс бар. Алайда ол UFC октагонына қашан оралатынын және келесі қарсыласының кім болатынын әзірге айтқан жоқ.