Алматыда толассыз жауған жаңбырдан кейін «Алатау» метро станциясының солтүстік кіреберісін су басты. Жерасты өткеліне қарай аққан судың видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Метрополитен өкілдері оқиғаны растады, деп хабарлайды ult.kz.
11 қараша күні таңертең Абай даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысында су жиналып, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірген. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан судың метро станциясына апаратын баспалдақ маңына дейін жеткенін көруге болады.
Желі қолданушыларының бірі жағдайға әкімдіктің назарын аударуды сұрап, жаяу жүргіншілер жолымен жүру қиындағанын жазған. Оның айтуынша, жиналған су баспалдақ арқылы метроға қарай аққан.
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі су басу дерегін растады. Ресми мәліметке сәйкес, қалалық су бұру желісінің толып кетуіне байланысты Абай даңғылынан төмен орналасқан «Алатау» станциясының солтүстік жаяу жүргіншілер өткелін су басқан.
Қазір метро мамандары жиналған суды сорып, аумақты тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Метрополитен өкілдері жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жолаушыларға қызмет көрсетуге ешқандай шектеу қойылмаған. Басқа метро станцияларында мұндай жағдай тіркелмеген.