Абай облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бухгалтері екі жыл бойы жалақыны заңсыз аударып, мемлекетке 8,3 млн теңге шығын келтірген. Сот оны үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті, деп хабарлайды ult.kz.
Жарма ауданы прокуратурасының тексеруі барысында «Жарма аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық кәсіпорнында заңбұзушылық анықталған.
Белгілі болғандай, бухгалтер екі жыл бойы өзінің және мекеменің іс жүргізушісінің банк шоттарына жалақыны заңсыз түрде артық есептеп отырған. Соның салдарынан мемлекетке 8,3 млн теңге көлемінде залал келген.
Тергеу кезінде бухгалтер кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеген.
Жарма аудандық сотының үкімімен ол ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған үш жылға бас бостандығын шектеу және бес жыл бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.