Мейрамбек Беспаев жуырда 50 жасын атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Мерекелік кешке қазақ эстрадасының жұлдыздары жиналды. Тойда түсірілген видеолардың ішінде Мөлдір Әуелбекованың қолына бір бума ақша ұстап тұрған сәті көпшіліктің назарын аударды.
Желі қолданушылары әншінің мерейтой иесіне қанша ақша сыйлағанын болжап әлек. Бірі қолындағы купюраларды 10 мың теңгелік десе, енді бірі 20 мың теңгелік деп топшылап жатыр. Әзірге сыйға берілген ақшаның нақты сомасы белгісіз.
Сондай-ақ Мөлдір мерейтой иесімен бірге сахнаға шықты. Ал әншінің әкесі Мейрамбек Беспаевқа арнайы тігілген шапан сыйлады.
Мөлдір Әуелбекова кім?
Мөлдір Есіркепқызы Әуелбекова – қазақстандық әнші, актриса және тележүргізуші. 1986 жылы 10 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Жастайынан ән өнеріне қызығып, түрлі байқауда бақ сынаған.

2001 жылы Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледждің музыка бөліміне оқуға түсіп, домбыра сыныбын бітірген. Облыстық “Айгөлек” ән байқауында бірінші орын алып, “Бозторғай” байқауының дипломанты атанған. 2004 жылы “SuperStar.kz” жобасының екінші маусымына қатысып, үздік ондыққа енген.

2005 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, Люция Төлешованың сыныбында білім алған. Студент кезінде кейін “КешYou” атанған топтың құрамына қабылданды. Осы ұжымда өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылды. 2010 жылы топпен бірге “Шығыс базары” халықаралық ән байқауының бас жүлдесін жеңіп алған.
Мөлдір кино саласында да бағын сынады. 2010 жылы жарық көрген “Ғашық жүрек” фильмінде басты рөлді сомдады. Кейін картинаның екінші бөліміне де түсті.
2012 жылдан бастап жеке шығармашылыққа ден қойды. Репертуарында “Туған жер”, “Күтемін”, “Жаным-жаным”, “Бір сен үшін”, “Толғау”, “Өсиет” секілді әндер бар. Әншілікпен қатар тележүргізуші ретінде де көрініп, “Қазақстан” ұлттық арнасындағы “Елім менің” бағдарламасын жүргізген.