Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Нанның ұсағын да қадірлеген": Роза Бағланованың келіні сыр ашты

"Нанның ұсағын да қадірлеген": Роза Бағланованың келіні сыр ашты
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақтың әйгілі әншісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың келіні Марал енесінің көпшілік біле бермейтін қырларын еске алды. Ол өнер иесінің күнделікті өмірдегі қарапайымдылығы, бала тәрбиесіне көзқарасы және отбасындағы қарым-қатынасы туралы сыр шертті, деп хабарлайды ult.kz.

Продюсер Әлия Құдайбергенова әлеуметтік желідегі парақшасында Роза Бағланованың 15 жыл тұрған шаңырағына арнайы барғанын жазды. Ол әншінің келіні Маралмен әңгімелесіп, өнер иесіне қатысты бұрын айтылмаған естеліктерді тыңдаған.

"Аңыз адамның үйіне бардық. Апамыздың ізі, үні, күйі, естеліктері қалған шаңырағына бардым. Алдағы уақытта апамыз үшін қадірлі болған, 15 жыл тұрған үйі туралы келінімен болған сұхбатты, әсерлі видеоларды көресіздер", – деп жазды продюсер.

Маралдың айтуынша, Роза Бағланова ешқашан біреудің сыртынан сөз сөйлеп, өсек айтпаған. Адамдарды алаламай, айналасындағыларға әрдайым құрметпен қараған.

Әнші немерелеріне ерекше мейірім төгіп, олардың еркін өсуіне мүмкіндік берген. Тіпті балалар жатын бөлмесін астан-кестен етсе де, оған ренжімей, немерелерін ең үлкен байлығы санаған.

"Ол кісі жел сөз, өсек әңгіме айтпайтын. Мүлде! Біреуді жамандау, біреудің сыртынан сөз айту дегенді білмейтін. Қара басын күйттеп, өз жағдайын ғана жасап, бөлмесін құлыптап алып отырмайтын. Немерелері астан-кестеңін шығаратын жатын бөлмесін. "Менің байлығым осылар" деп, немерелеріне аз ғана жылда ғұмырлық махаббатын төгіп кетті", – деп еске алды келіні.

Жоқшылық көргендіктен, ештеңені ысырап етпейтін

Марал енесінің бала күнінде тұрмыстың қиындығын көргенін де айтты. Сондықтан әнші ас-ауқатты қадірлеп, дастарқандағы нанның ұсағына дейін ысырап етпеуге тырысқан.

"Ол кісі жоқшылық көріп өсті. Ештеңені қор қылмайтын. Нанның ұсағына дейін қадірлеп отыратын. "Мынаны жемеймін, ішпеймін" деп тәкаппарлық танытпайтын. Қуырдақты жақсы көретін", – деді ол.

Келінінің сөзінше, Роза Бағланова адамдардың сыртқы келбеті мен әлеуметтік жағдайына емес, тәрбиесі мен ішкі мәдениетіне мән берген. Әсіресе, Маралдың әкесін ерекше құрметтеп, оның мәдениеттілігін үнемі үлгі етіп отырған. Өнер иесі келініне ас әзірлеудің де қыр-сырын үйреткен. Марал әлі күнге дейін енесінен үйренген бауырсақтың рецептін қолданатынын жеткізді.

Ұлымен ренжіссем, жарты сағаттан кейін сөйлесетін

Марал енесінің отбасындағы келіспеушіліктерді сабырмен шешуге тырысқанын да еске алды. Оның айтуынша, жолдасымен ренжісіп қалып, енесіне шағымданған сәттерде Роза Бағланова бірден араласпай, алдымен сабырға келуге кеңес берген.

"Ұлымен келіспей қалып, арыз айта бастасам, жай ғана қолын күнді көлегейлегендей көтеріп: "Түш, жаным, жарты сағаттан соң сөйлесейік" дейтін. Расында, жарты сағаттан соң әңгімеміз басқаша өрбитін. Даналығы ғой", – деді келіні.

Сондай-ақ Марал әйгілі әншінің өмірінің соңына дейін өзіне күтім жасауды ұмытпағанын айтты. Роза Бағланова шашын реттеп, сәнденіп, сүйікті әтірін сеппей бөлмесінен шықпаған. Әсіресе, немерелерінің алдында әрдайым жинақы әрі әдемі көрінуге тырысқан.

Келін болып түскен күні армандарымды шетке ысырып қойдым

Марал Роза Бағланованың шаңырағына келін болып түскен кездегі сезімін де бөлісті. Оның сөзінше, әйгілі адамның отбасына келін атану үлкен жауапкершілік жүктеген.

"Мен осы шаңыраққа келін боп түскен күні-ақ армандарымды бұрышқа апарып "түйіп тастадым". Бар ойым: "Елдің адамының келінімін, жалғыз ұлдың жарымын. Осы кісі еркін жүрсін, осы кісінің жүзі жарық болсын!" дедім", – деп еске алды ол.

Келінінің айтуынша, Роза Бағланованың бойындағы ең ерекше қасиеттердің бірі – жүзіне әрдайым күлкі үйіріліп тұратыны.

"Күлімсіреп жүретін. Мамамның ерекшелігі, берекесі, сұлулығы да сол күлкісі еді", – деді Марал.

Продюсер Әлия Құдайбергенова алдағы уақытта Роза Бағланованың тұрған үйі, жеке заттары мен отбасылық естеліктеріне арналған бейнематериалдарды жариялауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Роза Бағланова кім?

Роза Тәжібайқызы Бағланова – қазақтың әйгілі әншісі, Қазақстан мен КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген.

Өнер жолын 1941 жылы Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде бастаған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында концерт беріп, жауынгерлердің рухын көтерген. 1945 жылы 9 мамырда Берлинде өткен Жеңіс концертіне қатысқан.

Кейін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында, Қазақ мемлекеттік филармониясында және "Қазақконцерт" бірлестігінде қызмет атқарған.

Оның орындауындағы "Ах, Самара, городок" және "Кестелі орамал" әндері халық арасында кеңінен танылды.

Роза Бағланова 1955 жылы Қазақстанның, 1967 жылы КСРО-ның халық әртісі атанып, 1996 жылы "Халық қаһарманы" атағын алды.

Аты аңызға айналған әнші 2011 жылы 8 ақпанда Алматы қаласында 89 жасында дүниеден өтті