Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Алматыда бір түнде 36 мм-ге дейін жауын-шашын түсті: коммуналдық қызметтер нөсер салдарын жоюда

Алматыда бір түнде 36 мм-ге дейін жауын-шашын түсті: коммуналдық қызметтер нөсер салдарын жоюда
Алматы әкімдігі

Алматыда 10 қараша кешінен бері жаңбыр жауып жатыр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 11 қараша сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм, ал Камен үстіртінде 36 мм жауын-шашын түскен. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, көшелер мен аулалардағы су басқан учаскелердің салдарын жоюда, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, түнде қаланың бірнеше ауданында су жиналғаны тіркелген.

Қолайсыз ауа райының алдын алу және оның салдарын жою үшін жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілікке шыққан. Жұмысқа 415 арнайы техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылған. Сондай-ақ 2 950 қап құм дайындалған. Күнделікті жұмысқа 3 253 жол жұмысшысы шығады.

Синоптиктердің болжамынша, 11 қарашада жаңбыр тәулік соңына дейін үзіліспен жауады. Тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +5…+7 °C болады.

12 қарашада жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тұман түсуі мүмкін.

Осыған байланысты Алматы тұрғындарына жолда абай болу, көлік жылдамдығын төмендету және су жиналуы мүмкін жерлерге автокөліктерін қоймау ұсынылады. Қатты жел кезінде ағаштардың астында және жарнама құрылымдарының маңында тұрмаған жөн.