Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт өзгереді: дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт өзгереді: дауылды ескерту жарияланды
Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақстанның бірқатар өңірінде 11-12 қараша күндері жауын-шашын, қар, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі. Оңтүстік өңірлерде ауа температурасы күрт төмендейді. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәліметіне сілтеме жасап, деп хабарлайды ult.kz.

Синоптиктердің болжамынша, 11 қарашада Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында жауын-шашын, кей жерлерде қатты жаңбыр мен қар жауады. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. 12 қарашада аталған өңірлердің таулы аудандарында көктайғақ күтіледі.

Түркістан облысында 11 қарашада ауа температурасы 2-7 градус жылы, таулы аудандарда 1 градус аязға дейін төмендейді. Ал 12 қарашаға қараған түні 1-6 градус аяз болады. Шымкентте ауа температурасы 5-7 градус жылыға дейін, Түркістан қаласында 4-6 градус жылыға дейін төмендеп, келесі түнде тиісінше 1-3 және 2-4 градус аяз күтіледі.

Жамбыл облысында 11 қарашада ауа температурасы 3-8 градус жылы болады. Таулы аудандарда 2 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін. 12 қарашаға қараған түні облыстың кей жерлерінде 4 градусқа дейін аяз болады. Тараз қаласында 11 қарашада ауа температурасы 6-8 градус жылыға дейін төмендейді.

Алматы облысында 11-12 қарашада тұман мен жолдарда көктайғақ күтіледі. Алматы қаласында 11 қарашада жаңбыр мен қар жауып, кей уақытта жауын-шашын қатты болуы мүмкін. Сондай-ақ тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Қонаев қаласында да жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжанып отыр.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 11 қарашада жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен таулы аудандарында, Абай облысының оңтүстігі, шығысы мен орталығында қатты жауын-шашын күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.

Қызылорда облысының солтүстігі, шығысы мен орталығында жаңбыр мен қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады. Өңірде жоғары өрт қаупі де сақталады.

Қарағанды облысының кей жерлерінде түнде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Күндіз облыстың батысы, шығысы мен орталығында жауын-шашын күтіледі. Ұлытау облысында да жаңбыр мен қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.

Сонымен қатар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі. Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал.

Астана қаласында 11 қарашада түнде және таңертең тұман түседі. Шымкентте кей уақыттарда тұман болып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Бұдан бөлек, Алматы, Қонаев, Талдықорған және Тараз қалаларында, сондай-ақ Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады.

Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жолда сақ болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.