Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда 50 жыл пайдаланылған жылу желілері қай қалаларда ауыстырылды және жылыту маусымы қалай өтіп жатыр? Энергетика министрі баяндады

Қазақстанда 50 жыл пайдаланылған жылу желілері қай қалаларда ауыстырылды және жылыту маусымы қалай өтіп жатыр? Энергетика министрі баяндады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында жылыту маусымының өту барысы, көмір қоры және еліміздің қалаларындағы тозығы жеткен жылу желілерін ауыстыру жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, биыл жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 27%-ға ұлғайтылды. Энергетиктер 8 энергоблокты, 49 қазандықты, 37 турбинаны, 17 мың шақырымнан астам электр беру желісін және 377 шақырым жылу магистралін жөндеуден өткізді. Нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52%-ға, ал жылу желілерінің тозу деңгейі 48%-ға дейін төмендеді.

«Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Барлық тұтынушы электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Қалған жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізіліп, жылу беруге әсер етпейді. Өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6%-ға, ал электр станциялары бойынша 8%-ға төмендеді», – деп хабарлады Ерлан Ақкенженов.

Жылу электр орталықтары мен мемлекеттік аудандық электр станцияларының қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған. Бұл нормативтік талаптарға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар өңірлерге 255 мың тонна әлеуметтік мазут жөнелтілуде. Энергетикалық кәсіпорындар алдындағы жалпы дебиторлық берешек 11%-ға, яғни 72 млрд теңгеге дейін төмендеді. Министр жеке секторды көмірмен қамтамасыз ету кезінде тапшылыққа жол бермеуді тапсырды.

«Ағымдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда өңірлерде 4,5 млн тонна немесе қажетті көлемнің 62%-ы дайындалды. Осыған байланысты әкімдіктер көмір қорын жасақтауды қамтамасыз етіп, өңірлерде негізсіз дүрбелеңнің туындауына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауы қажет», – деп атап өтті Энергетика министрлігінің басшысы.

Бұдан бөлек, өткен жазда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қалалардағы ең ескі жылу желілері жаңартылды.

«Степногорск қаласында 53 жыл пайдаланылған 9,5 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. Талдықорғанда 46 жыл қызмет еткен қаланың негізгі жылу магистралінің 3,5 шақырымы жаңартылды. Ал Петропавлда 1980 жылы салынған магистральдердің екі учаскесі қайта жаңғыртылды. Қарағандыда тозу деңгейі 81%-ды құрайтын жылу магистралін және тозу деңгейі 92%-ға жеткен Қарағайлы электр беру желісін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Барлық жобада отандық өндірістің заманауи, энергия тиімділігі жоғары құбырлары пайдаланылды», – деді министр.

Сонымен қатар биыл Астанада 30 мыңнан астам абонент қосылған 14 шақырым тарату электр желісі, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы әуе электр желілері қайта жаңғыртылды.

Еліміздің барлық энергетикалық нысанында қажетті материалдардың апаттық қоры жасақталып, жөндеу бригадалары кезекшілік атқаруда.