Батыс Қазақстан облысында АИТВ инфекциясы анықталған 10 адамның қазіргі жүрген жері белгісіз. Оларды іздестіруге полиция қызметкерлері де жұмылдырылған, деп хабарлайды ult.kz.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, биыл тоғыз айда облыста АИТВ жұқтырудың 44 жаңа жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 55 адамнан инфекция анықталған. Яғни биылғы көрсеткіш төмендегенімен, мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қазіргі уақытта өңірде АИТВ диагнозымен 755 адам диспансерлік есепте тұр. Биыл олардың үшеуі қайтыс болған. Былтыр осы кезеңде төрт өлім жағдайы тіркелген.
Дәрігерлердің тұрақты бақылауында инфекция жұқтырған 11 жүкті әйел бар. Олардың алтауы босанған. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы 13 жүкті әйел есепте тұрып, тоғызы сәби дүниеге әкелген.
Өңірде биыл бес жастағы баладан да АИТВ анықталған. Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде инфекцияның балаға анасынан берілгені белгілі болған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмек көрсету, қан құю немесе стоматологиялық емшаралар кезінде инфекция жұқтыру деректері тіркелмеген.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында 10 және 11 жастағы өгей қыздарына жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, оларға АИТВ жұқтырған ер адамға сот үкімі шыққан болатын. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.