10 қарашада ауа райы қандай болады?

10 қарашада ауа райы қандай болады?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

10 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейеді.Қазгидрометтің болжамынша, солтүстік циклонның әсерінен оңтүстік пен шығыста кей жерлерде жауын-шашын мол түседі. Ел аумағында тұман, солтүстік пен орталықта көктайғақ күтіледі. Тек қиыр батыста жауын-шашын болмайды, деп хабарлайды ult.kz.

Астанада түнде аздаған қар жауып, тұман түседі, жолдар көктайғақ болады. Солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы секундына 7–12 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде −1…−3, күндіз −1…+1 градус болады. Алматыда түстен кейін жаңбыр жауып, тұман күтіледі. Түнде +9…+11, күндіз +18…+20 градус жылы. Желдің екпіні күндіз секундына 18 метрге жетеді. 

Шымкентте жаңбыр жауады, түнде және таңертең кей уақытта қатты жаңбыр күтіледі. Ара-арасында тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде де, күндіз де +12…+14 градус болады. Жамбыл облысында да жаңбыр күшейіп, кей жерлерде найзағай ойнайды. Алматы және Жетісу облыстарының таулы аудандарында мол жауын-шашын күтіледі. 

Солтүстік пен орталықта күн салқын болады. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде кей жерлерде аздаған қар жауып, тұман мен көктайғақ күтіледі. Павлодар облысында жаңбыр мен қар жауады. Осы өңірлерде күндіз температура −3…+2 градус аралығында болады. Қарағанды облысында жауын-шашын түсіп, күндіз ауа температурасы төмендейді. 

Батыста Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жауын-шашын кей уақытта күшейіп, желдің екпіні секундына 23–28 метрге жетеді.