«Қалқаман» метро бекетінің ашылуы 1 желтоқсанға жоспарланды

«Қалқаман» метро бекетінің ашылуы 1 желтоқсанға жоспарланды
Instagram_darkhan_satybaldy_official

Алматыдағы көптен күткен «Қалқаман» метро станциясы 1 желтоқсанға дейін пайдалануға берілуі мүмкін. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазір бекетте іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, станция аумағын абаттандыру жұмыстары да аяқталып, жолаушыларға арналған шамамен 400 автотұрақ орны жасалған.

«Станцияны 1 желтоқсанға дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл – қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Алдағы үш жылда батыс бағытта тағы үш станция салу қажет», – деді қала әкімі.

«Қалқаман» бекетінің құрылысы 2020 жылы жобаланып, 2022 жылы басталған. Алайда қаржыландырудың тұрақсыздығы жұмыс қарқынына әсер еткен. Құрылыс компаниясының мәліметінше, 2020 жылы жобаға 190 млн теңге, 2021 жылы 600 млн теңге бөлінген. Ал 2022 жылы мүлдем қаржы қарастырылмаған.

Негізгі қаржыландыру 2023 жылдан бастап жүзеге аса бастаған. Атап айтқанда, 2023 жылы 9,2 млрд, 2024 жылы 2,3 млрд, 2025 жылы 28 млрд теңге бөлінген. Ал 2026 жылға тағы 17 млрд теңге қарастырылған.

Бастапқыда станцияны 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Алайда құрылыс мерзімі кейінге шегеріліп, іске қосу уақыты 2026 жылға ауыстырылды. Бұған дейін бекеттің дайындығы 99 пайызға жеткені хабарланған.

Жаңа станция пайдалануға берілсе, метроның тәуліктік жолаушылар ағыны тағы 20 мың адамға артады деп күтілуде. Енді көп жылдан бері созылған құрылыстың нақты қашан аяқталып, бекеттің жолаушыларға есігін ашатыны 1 желтоқсанға дейін белгілі болмақ.