Қазақстанда қараусыз қалған тағы бір аэродром қалпына келтіріледі

Қазақстанда қараусыз қалған тағы бір аэродром қалпына келтіріледі
ашық дереккөз

Ақтөбе облысында 2011 жылдан бері тоқтап тұрған жергілікті әуе қатынасын қайта іске қосу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде Шалқар қаласының маңындағы қараусыз қалған аэродром жөнделеді. Бұл туралы облыс әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Аэродром Шалқар қаласынан шамамен 7 шақырым жерде орналасқан. Жөндеу жұмыстарынан кейін мұнда 19 жолаушыға дейін тасымалдайтын шағын ұшақтар қабылданады деп жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыратын мердігер ретінде «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС таңдалған. Алдын ала жоспар бойынша, жобалау жұмыстарына бес ай, құрылыс-монтаж жұмыстарына тағы алты ай қажет. Бұл мерзімге мемлекеттік сараптамадан өту уақыты кірмейді.

Жоба аясында ұзындығы 1200 метр болатын ұшу-қону жолағы нығайтылып, перрон мен ұшу-қону жолы жаңартылады. Сондай-ақ қоршау орнатылып, жолаушыларға арналған модульдік павильон салынады.

Қандай ұшақтар қатынайды?

Аэродромды сыйымдылығы 19 адамға дейінгі L-410 ұшақтарын қабылдауға бейімдеу көзделген. Әуе рейстері тек күндізгі уақытта орындалады.

Әуе тасымалын «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ базасында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ұшақтарды Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржылық лизингке сатып алу көзделген.

Алайда рейстерді бастау үшін аэродромды жөндеу жеткіліксіз. Нысан міндетті сертификаттаудан өтуі, әуе кемелері сатып алынуы және қажетті рұқсаттар алынуы керек.

Рейстер қашан басталады?

Облыс әкімдігі әзірге жолаушылар рейстерінің нақты қашан басталатынын жариялаған жоқ. Сондай-ақ ұшақтардың қай бағыттарға қатынайтыны, билет құны мен рейстердің жиілігі әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы жергілікті әуе желілері бойынша тұрақты жолаушылар тасымалы 2011 жылы тоқтаған. Енді өңір билігі шағын авиацияны дамыту арқылы елді мекендердің көлік қатынасын жақсартуды көздеп отыр.