Қазақстанда Ұлттық пантеонға жерленетін лауазымды тұлғалардың тізімі өзгерді

Қазақстанда Ұлттық пантеонға жерленетін лауазымды тұлғалардың тізімі өзгерді
Informburo.kz

Қазақстанда Ұлттық пантеонға жерленуге құқығы бар мемлекеттік қызметшілердің тізімі жаңартылды. Үкіметтің тиісті қаулысы 2026 жылғы 17 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды ult.kz.

Өзгерістер 4 қарашада қабылданған Үкімет қаулысымен бекітілді. Жаңа тізімге мына лауазым иелері енгізілген:

  • Вице-президент, Премьер-министр және оның орынбасарлары;
  • Құрылтай төрағасы және оның орынбасарлары;
  • Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы және оның орынбасарлары;
  • Парламент палаталарының төрағалары мен орынбасарлары;
  • Мемлекеттік хатшы және мемлекеттік кеңесші;
  • Президент Әкімшілігінің басшысы;
  • Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот және Ұлттық банк төрағалары;
  • Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары;
  • Министрлер мен Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік органдардың басшылары;
  • Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері.

Сонымен қатар Президенттің арнайы шешімімен басқа да Қазақстан азаматтарын Ұлттық пантеонға жерлеуге рұқсат етілуі мүмкін.

Жерлеу рәсімін кім ұйымдастырады?

Жерлеу рәсімін ұйымдастыру міндеті Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.

Оған марқұмның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілі бастамашы бола алады. Жергілікті атқарушы органдар құжаттарды рәсімдеу, қажетті жерлеу жабдықтарын ұсыну, мәйітті пантеонға жеткізу және жерлеу жұмыстарын ұйымдастырады.

Марқұм туралы қандай мәлімет сақталады?

Ұлттық пантеонда жерленген адамдар туралы арнайы тіркеу кітабы жүргізіледі. Оған марқұмның аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері, мәйіттің жеткізілген және жерленген уақыты, өмірбаяны мен Қазақстан алдындағы еңбегі туралы мәліметтер енгізіледі.

Жаңа қаулы 2026 жылғы 17 қарашада күшіне енеді.