Баласының әрекетіне бола анасын балағаттаған такси жүргізушісі жеті тәулікке қамалды

Баласының әрекетіне бола анасын балағаттаған такси жүргізушісі жеті тәулікке қамалды
Ашық дереккөзден

Алматыда жолаушы әйел мен оның баласына дөрекілік көрсетіп, балағат сөздер айтқан такси жүргізушісі жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция оны әлеуметтік желіде тараған видео арқылы анықтаған, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы полициясының мәліметінше, оқиға кезінде әйел баласымен бірге таксиде болған. Сапар барысында бала көлік салонын бүлдіріп қойған. Бұған ашуланған 53 жастағы «Яндекс.Такси» жүргізушісі жолаушыны балағаттап, дөрекілік танытқан.

Көлік тоқтағаннан кейін де жүргізуші сыртқа шығып, жанжалды жалғастырған. Әйел болған жағдайды ұялы телефонына түсіріп, полицияға арызданған.

Құқық қорғау органдары жүргізушіні анықтап, оған қатысты материалдарды сотқа жолдады. Сот шешімімен ер адам жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция тұрмыстық жанжал немесе жолаушының әрекетіне наразылық білдіру өзгені қорлауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп бола алмайтынын ескертті. Сондай-ақ мұндай жағдайларға балалардың куә болуы олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.