Мейрамбек Беспаевтың жұбайы Мархабат Беспаева әлеуметтік желідегі парақшасында композитор Арман Дүйсеновті еске алып, оның отбасына деген жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Ол Айсұлудың қуанышына ортақтасқан сәтте өмірден өткен досының орны ерекше сезілгенін жазды.
“Кей адамдардың орны ешқашан толмайды… Уақыт өтсе де, сағыныш сейілмейді екен. Кеше болған қуанышты сәтте Арман Дүйсеновты тағы да ерекше сағынышпен еске алдық. Осындай күндерде «шіркін, қасымызда болғанда ғой…» деген ой жүректі сыздатады”, – деп жазды Мархабат Беспаева.
Оның айтуынша, бірге өткізген күндер мен шынайы достықтан қалған жарқын естеліктер ұмытылмайды.
“Айсұлудың бүгінгі қуанышына біз шын жүректен қуандық! Сағынышпен еске аламыз. Жаныңыз жәннатта болсын!” – деп түйіндеді ол.
Сондай-ақ тойда Арман Дүйсеновтің жұбайына iPhone 18 телефонын сыйға тартқан.
Айта кетейік, Мейрамбек Беспаевтың анасы ұлы туралы сыр шертті.
Арман Дүйсенов кім?
Арман Дүйсенов – қазақстандық композитор, продюсер әрі тележүргізуші, “Құрмет” орденінің иегері. Ол 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген. Қазақ эстрадасына көптеген ән жазып, киноға музыка шығарған.

Оның шығармаларының қатарында “Ағажан”, “Бақыт таңы”, “Тойға тілек”, “Досым менің” әндері бар. Динара Қырықбаевамен бірге орындаған “Ұстазым” әні де тыңдарманға кеңінен танылған.

Өнер иесі тележүргізуші ретінде де көпшілікке таныс болды. “Хабар” және “Ел арна” телеарналарында “Айбын”, “Достархана”, “Тапқыр достар”, “Дудар-ай” бағдарламаларын жүргізген. Арман Дүйсенов 2023 жылғы 24 қаңтарда 48 жасында өмірден өтті.