"Талай сапарда бірге жүрдік": Асхат Тарғын әріптесінің қазасына қайғырды

"Талай сапарда бірге жүрдік": Асхат Тарғын әріптесінің қазасына қайғырды
Фото: instagram.com/ askhat_targin

Танымал әнші Асхат Тарғын ақтөбелік өнерпаз Жәнібек Бекбосыновтың қайтыс болғанына байланысты қайғысын білдіріп, марқұм туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында әріптесінің өмірден өткені өзіне ауыр тигенін жазды. Ол Жәнібек Бекбосыновпен талай жыл араласып, сахнада бірге ән шырқағанын және түрлі өнер сапарларында қатар жүргенін еске алды.

"Жәнібек Бекбосынов, жерлесім, замандасым, талантты әнші раббысына қайтты деген хабар естіп, көңілім түсіп отыр. Ақтөбеде талай концертте бірге жүріп едік, талай сапарлас болып едім. Алла жаныңды жәннатта шалқытсын! Өте жақсы жігіт еді. Отбасына қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды Асхат Тарғын.

Өнер иесі марқұмның адамгершілігі мен өнердегі орнын ерекше атап өтіп, оның жақындарына көңіл айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе жұртшылығына кеңінен танылған әнші, термеші әрі ұстаз Жәнібек Бекбосыновтың дүниеден өткені белгілі болған еді.

Марқұм Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында ұзақ жыл солист болып еңбек еткен. Ол өңірдің мәдени өміріне белсене араласып, ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосты.

Жәнібек Бекбосынов қазақтың халық әндері мен термелерін орындаумен қатар, эстрада жанрында да тыңдарман ықыласына бөленген. Өнер жолында республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, бірнеше мәрте лауреат атанған.