"Ешкім білмейтін сырым бар": Дариға Бадықова өткенін айтып, көз жасына ерік берді

"Ешкім білмейтін сырым бар": Дариға Бадықова өткенін айтып, көз жасына ерік берді
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі актриса әрі продюсер Дариға Бадықова балалық шағында көрген жоқшылықты еске алып, сұхбат барысында көз жасына ерік берді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында бала күнінде отбасының тұрмысы ауыр болғанын жасырмады. Айтуынша, үйде кейде қант пен күнделікті тұтынатын азық-түліктің өзі табылмай қалатын. Сондай кездері кішкентай Дариға қарап отырмай, жақындарына көмектесудің жолын іздеген.

Актриса ауыл көшелерін аралап, ән айтып, тұрғындар берген азық-түлікті үйіне таситын болған. Оның бар арманы – бауырларының қарны тоқ болуы.

"Мен Дариғаға ризамын. Уфф, жыламаймын деп едім. Жұрт мені жыламайды деп ойлайды. Мен кішкентай кезімде "қант жоқ, басқа жоқ" десе, "неге жоқ, табу керек қой" деген ой болатын. Қалай жоқ болады ол? Неге жоқ деп ойлайтынмын", – деді актриса.

Дариға Бадықова сол кездегі әрекетін есіне алып, тапқанын өзі жемей, үйдегі бауырларына жеткізуге асыққанын айтты.

"Сонда түсте әрбір көшеге шығып, ән айтатынмын. "Қант, алма, құрт" деп ән айтсам, әркім қолындағысын беретін. Оларды жинап, үйге алып келетінмін. Інім мен әпкемнің жегеніне мәз болатынмын. Солар жесе екен, солар ішсе екен деп ойлайтынмын", – деп еске алды ол.

Өнер иесінің сөзінше, ауыл тұрғындары оны жақсы көріп, қолдарынан келгенше көмектескен. Ол жұрт демалып жатқан түскі уақытта төрт-бес көшені аралап, ән шырқайтын болған. Балалық шағы туралы әңгімелеген актриса туған ауылына деген алғысын да білдірді. Өткен күндерді еске алу оған оңай тимей, сұхбат кезінде көңілі босап, жылап қалды.

Әлеуметтік желі қолданушылары актрисаның әңгімесіне әсерленіп, оның кішкентайынан бауырларына қамқор болғанын атап өтті. Көпшілік өнер иесіне жылы лебізін білдірді.