Мысырда жолаушылар пойыздары соқтығысты

Мысырда жолаушылар пойыздары соқтығысты

Мысырда жолаушылар пойыздарының соқтығысуы салдарынан 4 адам қаза тауып, 100-ге тарта адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды ult.kz.

Апат 8 қарашада Эль-Аят ауданында болған. Мысыр Көлік министрлігінің мәліметінше, Гизадан Файюмге бағыт алған №134 пойыз Каирден Асуанға бара жатқан №2010 пойыздың артқы бөлігіне соғылған. Соққы салдарынан төрт вагон рельстен шығып, аударылып кеткен. Осыдан кейін елдің оңтүстік өңірлеріне қатынайтын пойыздардың қозғалысы екі бағытта да уақытша тоқтатылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, апаттан төрт адам қаза тауып, тағы 88 адам жарақат алған. Оқиға орнына 72 жедел жәрдем көлігі жіберілген. Зардап шеккендер үш медициналық мекемеге жеткізілді. Оның ішінде 49 адам Эль-Васта ауруханасына, 29 адам Эль-Аят ауруханасына, тағы 10 адам Эль-Атфиха ауруханасына жатқызылған.

Алайда Masrawy басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап, зардап шеккендер саны шамамен 150 адамға жеткенін хабарлады. Олардың басым бөлігі сүйек сынуы мен түрлі жарақат алған. Басылым мәліметінше, зардап шеккендерді есептеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Мамандар пойыздардың соқтығысуына қатысты екі негізгі болжамды қарастырып жатыр. Біріншісі – теміржолдағы сигнал беру жүйесінің істен шығуы. Техникалық ақау салдарынан машинист тоқтауы тиіс болғанына қарамастан, қозғалысты жалғастыруға рұқсат алған болуы мүмкін.

Екінші болжам бойынша, машинист бағдаршам сигналдары мен пойыз қозғалысын реттейтін нұсқаулық талаптарын орындамаған болуы ықтимал. Әзірге бұл нұсқалардың ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы техникалық комиссия құрылды. Мамандар апат болған аумақты тексеріп, теміржол жабдықтарының жағдайын зерттеп, пойыз қозғалысын ұйымдастыру кезінде заңбұзушылықтардың болған-болмағанын анықтауы керек.

Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетуді және тергеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бас прокуратура да оқиға орнына тергеу тобын жіберіп, техникалық сараптама жүргізуді талап етті.

Айта кетейік, Эль-Аят ауданы бұған дейін де ірі теміржол апаттарымен белгілі болған. 2002 жылдың ақпанында осы аумақта елдің оңтүстігіне бағыт алған жолаушылар пойызында өрт шығып, жүздеген адам қаза тапқан.

2016 жылы бұл ауданда тағы үш теміржол оқиғасы тіркелген. Ол кезде 14 адам көз жұмып, 30 адам жарақат алған.

Мысырдың Орталық қоғамдық жұмылдыру және статистика агенттігінің дерегінше, 2025 жылы елде 170 теміржол апаты болған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 220-ны құраған. Осылайша, оқиғалар саны 22,7 пайызға азайған. Дегенмен 2025 жылы теміржол апаттарынан 39 адам қаза тауып, тағы 139 адам жарақат алған.

Сонымен қатар Мысырда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. 2014-2024 жылдар аралығында көлік жүйесін дамытуға шамамен 225 миллиард мысыр фунты бөлінген. Соған қарамастан, кезекті апат елдегі теміржол қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді.