АҚШ-тың Флорида, Алабама және Индиана штаттарында бір күннің ішінде үш адамның өлім жазасы орындалды. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Флоридада 64 жастағы Джесси Гуардодо өлім жазасына кесілді. Ол 2004 жылы 75 жастағы Джеки Мэлоунды өлтіргені үшін сотталған. Бұл – Флорида штатында 2026 жылдың басынан бері орындалған 19-өлім жазасы. Осылайша штат 2025 жылы орнатқан өз рекордын қайталады.
Алабамада 54 жастағы Майкл Тейлорға өлімге әкелетін инъекция жасалды. Ол 19 жасында тонау кезінде 83 жастағы Иван Мур мен оның 79 жастағы әйелі Люсильді темір сырықпен ұрып, екеуінің де өліміне себеп болған.
Ал Индиана штатында 50 жастағы Джеффри Вайсхайт өлім жазасына кесілді. Ол 2010 жылы өзі таныс әйелдің үйін өртеп, оның екі баласының өліміне себеп болған. Вайсхайт кінәсін мойындағанымен, адвокаттары өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұраған. Алайда штат губернаторы кешірім беруден бас тартты.
Associated Press мәліметінше, АҚШ-та бір күнде үш штатта үш адамның өлім жазасына кесілуі – сирек кездесетін жағдай. Соңғы рет мұндай оқиға 2010 жылы болған.
Айта кетейік, бұл оқиғалар Калифорния губернаторының қызмет мерзімі аяқталғанша штаттағы өлім жазасына кесілген 548 адамның жазасын жеңілдету ниетін жариялауымен тұспа-тұс келді.
АҚШ-та өлім жазасы федералдық деңгейде де, кейбір штаттарда да қолданылады. Алайда оны жою немесе сақтау мәселесі елдегі ең даулы құқықтық және саяси тақырыптардың бірі болып қала береді.