Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Айман Талғатқызы TADDS брендімен әйелдерге арналған екіліктер шығара бастады, деп хабарлайды ult.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында киімдерді брендтің жеке тігін өндірісінің өнімі ретінде таныстырған. Айманның айтуынша, екіліктерді әзірлеуде матаның сапасы мен тігістің ұқыптылығына мән берілген.
Киімдер бір түсті матадан тігіліп, бірнеше реңкте ұсынылған. Кейбір үлгілердің жеңіне сегіз қабат қауырсыннан тұратын сәндік әшекей тағылған. Оны қалаған кезде шешіп алуға болады.
Екіліктер күнделікті тұрмысқа да, серуенге немесе шағын басқосуға да лайықталған. Айман өнімдерінің сапасын жоғары бағалап, оларды мынадай сөздермен таныстырған:
“Тазалықпен, махаббатпен, ұқыптылықпен, сапамен арнайы тігілген екеулік”.
Жаңа топтаманы көрсету үшін ол өзі модель болған. Айман екіліктерді киіп түсіп, олардың денеге қонымы мен үлгісін оқырмандарына таныстырып жүр.
Айта кетейік, Айман Талғатқызы денсаулығы сыр бергенін айтты.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – танымал әзілкеш, сатира актері және тележүргізуші.

Ол 1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Көпшілікке КВН сахнасындағы өнерімен танылып, “Астана.kz” және “Қазақтар” командаларының құрамында ойнаған. Кейін жеке әзіл кештерін өткізіп, тележобаларға қатысқан.

Оның әзілдерінде отбасылық қарым-қатынас, күнделікті тұрмыс пен қоғамдағы түрлі жағдайлар қозғалады. 2011 жылдан бастап елордадағы “Әзіл әлемі” әзіл-сықақ театрына жетекшілік еткен. Өнердегі еңбегі үшін “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағына ие болған.